Облыстық ТЖД хабарлама таратты
Түркістан облысы Отырар ауданында Сырдария өзеніне батып кеткен 11 адамның алтауы кәмелетке толмағандар болып шықты. Бұл туралы облыстық ТЖД өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Қосымша анықталған мәліметтерге сәйкес, суға кеткен сегіз адамның алтауы кәмелетке толмаған (18 жасқа толмаған). Үш адамды іздеу жалғасуда, олардың екеуі кәмелетке толмаған», - делінген ТЖД хабарламасында.
Ведомство сондай-ақ бүгін түнде суға батқан сегізінші адамның денесі табылғанын мәлімдеді.
Қазіргі кезде үш адамды іздеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
«Іздеу жұмысына ТЖД, полиция, жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылды. Денесі табылғандардың үшеуі кәмелетке толмаған. Құтқарушылар судағы қауіпсіздік шараларын назардан тыс қалдырмауға шақырады. Бұл үшін арнайы рұқсат етілген жерлерде ғана шомылу керек!» - деп ескертеді ТЖД өкілдері.
Айта кетейік, оқиға 21 тамызда кешкі уақытта болған. Сырдария өзеніндегі көлік көпірінің маңында бір-біріне жақын туыс болып келетін 4 отбасының 20 шақты адамы демалып жүрген. Алайда демалыс соңы аса қайғылы жағдайға ұласып, 11 адам шомылуға рұқсат етілмеген жерде суға батып кеткен.