Қазақстан мен Вьетнам парламентаралық байланыстарды дамытпақ

Президент Вьетнамға іссапармен барды

Sarbaz.kz редакторы
21/08/2023 - 23:19

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Вьетнам Ұлттық жиналысының төрағасы Выонг Динь Хюэмен кездесті. Бұл туралы Sarbaz.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Ұлттық жиналысының төрағасы Выонг Динь Хюэмен әңгімелесу барысында Қазақстан екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға баса мән беретінін айтты.

Президенттің айтуынша, Вьетнам – Қазақстанның Оңтүстік Шығыс Азиядағы негізгі серіктесі. Екі елдің бір-бірінен үйренетіні көп.

Мемлекет басшысы Қазақстанда халқының игілігін арттырған Вьетнамның экономикалық даму тәжірибесіне зор құрметпен қарайтынын атап өтті. 

Президент екіжақты күн тәртібі аясында Вьетнаммен парламентаралық байланыстарды дамытуға баса мән беретініне назар аударып, заң шығару органдары арасындағы өзара сапар алмасу ісін жандандыруды ұсынды. 

Выонг Динь Хюэ парламенттер арасындағы екіжақты қарым-қатынасты тереңдету жөніндегі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын қолдады. 

– Сіздің сапарыңыз елдеріміз арасындағы достық қатынастарды нығайтуға деген шынайы ниетіңізді білдіреді. Сондай-ақ сапарыңыз алға қарай басқан маңызды қадам және Вьетнам мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі әрі көпжақты ынтымақтастыққа тың серпін береді деп ойлаймын. Сонымен қатар сіздің Парламентте ұзақ жыл қызмет етіп, мол тәжірибе жинағаныңыз мәлім. Бұл біздің заң шығару органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін пайдалы болады деп санаймыз, – деді Ұлттық жиналыс төрағасы.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85