Оқиға 6 маусымда сағат 15:43 шамасында болды
Талдықорған қаласында полицей суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Патрульдік полицияның рота инспекторы Санат Серікқалиұлы ерлік көрсетіп, Қаратал өзеніне батып бара жатқан баланы аман-есен құтқарып алды. 6 маусымда сағат 15:43 шамасында Санат Серікқалиұлы «Қызыл тас» саяжай қоғамдастығында демалыста жүргенде, көмек сұрап айқайлаған балалардың дауысын естіген.
Балалар өзенге қарай нұсқаған, инспектор ойланбастан көмекке ұмтылған. Өзенге жүгіріп барып, бір баланың суға батып бара жатқанын көрген. Судан құтқарылған 11 жастағы жасөспірім демала алмай, көгеріп жатқан. Осы тұста тәртіп сақшысы жылдам әрі батыл әрекет етті. Ол баланы судан шығарып алып, бірден алғашқы медициналық көмек көрсете бастады. Тікелей жүрек массажы мен жасанды тыныс беру арқылы инспектор баланың дем алысын қалпына келтірді.
Осыдан кейін ол дереу жедел жәрдем шақырған. Бала ауруханаға жеткізілді, онда дәрігерлер полиция қызметкерінің дер кезінде, уақытылы көрсеткен кәсіби әрекеті баланың өмірін сақтап қалғанын растады.
«Мен өз міндетімді атқардым. Адамдарды қорғау мен көмекке келу менің басты парызым»,- деді ол.