Сарбазды босқындардың бірі кеуде тұсынан пышақтап кеткен
Өткен айда заңсыз мигранттың шабуылына ұшыраған польшалық әскери қызметкер ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәлімдемеге сәйкес, сарбазды босқындардың бірі кеуде тұсынан пышақтап кеткен. Шабуыл жасаушы мұны Польша мен Беларусь шекарасында тұрғызылған биік дуалдың темір торына пышақ сұғу арқылы жасаған.
Шабуыл 28 мамырда Польшаның Дубице-Черкевне ауылының маңында болған. Осы кезде бір топ мигрант темір қоршауды бұзып өтпек болған. 50-ге жуық босқын әскерилерге тас пен ағаш лақтырған. Поляк солдаты болат тосқауылдағы саңылауды жабуға әрекеттенген сәтте олардың бірі пышақ сұғып алған.
Зардап шеккен сарбаз Варшавадағы Әскери медициналық институтқа жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алған жоқ.