Германия 2021 жылы Ауғанстан билігіне Талибан келген соң бұл елге депортациялауды тоқтатты
Бундестагта сөз сөйлеген Германия канцлері Олаф Шольц көші-қон саясатының бағыты өзгеретінін мәлімдеді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның сөзі бір апта бұрын болған оқиғаға арналды. Жуырда Германияның Мангейм қаласының орталығында Ауғанстаннан келген мигрант полицейді пышақтап, тағы бірнеше адамды жаралаған.
«Бізге бассауғалап, пана іздеп келген адамның ең ауыр қылмыс жасағанына ашуланамын. Мұндай қылмыскерлер Сириядан немесе Ауғанстаннан келсе де депортациялануы керек», - деді Шольц.
Германия 2021 жылы Ауғанстан билігіне Талибан келген соң билеуші коалиция бұл елге депортациялауды тоқтатты. Айтуынша қазір жағдайды өзгерту керек.
«Террорлық қауіп төндіретін қылмыскерлерге бұл жерде орын жоқ. Мұндай жағдайларда Германияның қауіпсіздік мүддесі қылмыскердің қорғау мүддесінен басым болады», - деп қосты канцлер.
Шольц енді сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы жағдайға байланысты депортациялау туралы заңға түзету енгізуді күтеді.
«Біз бұдан былай террористік қылмыстарды дәріптеп, атап өтуге жол бермейміз. Сондықтан біз ережелерді күшейтеміз, осылайша лаңкестік қылмыстарды мойындау да депортациялаудың маңызды себебі болады», - деді Шольц.