Путин Мәскеудің Украинадағы соғыста Ресей армиясының шығынын неліктен жасырып отырғанын түсіндірді
Халықаралық агенттіктердің өкілдеріне пікір білдірген Владимир Путин Украинада қаза тапқан Ресей әскерінің санын неге жария етпейтіні туралы сұраққа жауап берді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Егер сізді осы ғана қызықтырса, мынаны айтайын, ереже бойынша, әдетте, бұл туралы ешкім ешқашан айтпайды. Ал егер жауап берген болса, нақты сандарды бұрмалап, шындықты айтпайды», - деді Владимир Путин халықаралық тәжірибеге сілтеме жасап.
Ол ресейлік шығын «Украинадан бірнеше есе аз» деп дәлелсіз күйде мәлімдеді. Дегенмен Путин Украинада тұтқында жатқан ресейлік сарбаздардың санын білетінін айтты.
«Біздің сарбаздарымыз – 1348 адам. Мен бұл сандарды білемін», - деді ол. Оның айтуынша, Ресейде 6465 украиналық әскери тұтқын бар.
Путин орны толмас шығындардың арақатынасы (яғни, қаза тапқан ресейлік және украиналық әскери қызметкерлер) шамамен бірдей деп мәлімдейді.
Ресей президенті Украина әскерінің үлкен шығынын АҚШ-тың бастамасымен болған «жалпы мобилизациялаумен» байланыстырды.
«Ұрыс даласында шығын өте үлкен», - деді Путин.
Ол сондай-ақ, нақты деректер көзін айтпастан, бір айдағы «санитарлық және орны толмас шығынды» «шамамен 50 мың» деп бағалады.
Сандар мұнымен шектелмейді. Ресей президенті Украинадағы мобилизация аясында айына 30 мыңға жуық адамды алып кетеді деп мәлімдеді. Путиннің айтуынша оларды көшеден ұстап алып кетеді.
«Бұл мобилизация тек шығынды жабады. Мұның бәрі шығынның орнын толтыруға ғана бағытталған», - деді ол.
Украиналық әскерилер Ресей тарапы үлкен шығынға ұшырағанын хабарлап тұрады. Ал Ресейдің қорғаныс министрлігі 2022 жылы соғыс басталғаннан кейін көп ұзамай қаза тапқандар туралы мәліметтерді жариялауды тоқтатты.
31 мамырдағы жағдай бойынша, Украинаға басып кіру кезінде қаза тапқан ресейлік 54 763 әскери қызметкердің аты-жөнін ВВС Mediazona басылымымен (Ресейде «шетел агенті» деп танылған) және еріктілер тобымен бірге анықтады.