Зеленский: Қытай сияқты қуатты елдің Путиннің құралына айналғаны өкінішті

Кейбір әлемдік көшбасшылар бейбітшілік саммитіне қатысатындарын әлі растаған жоқ

Админ
03/06/2024 - 10:49

Фото: Euronews

Фото: Euronews

Қытай өзге елдерді 15-16 маусымда Швейцарияда Украина бойынша өтетін халықаралық бейбітшілік конференциясына қатыспауға көндірмек, осылайша Ресейге көмектесуді ойластырып отыр. Украина президенті Владимир Зеленский осындай мәлімдеме жасады. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сингапурде Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдердің, оның ішінде Қытай мен АҚШ-тың қорғаныс ведомстволары басшыларының кездесуі өтіп жатыр.

«Қытай сияқты қуатты әрі тәуелсіз елдің Путиннің құралына айналғаны өкінішті», - деді Зеленский.

Кейбір әлемдік көшбасшылар бейбітшілік саммитіне қатысатындарын әлі растаған жоқ. Өкінішке қарай, саммитті өткізбеу әрекеттері жасалып жатыр, деді ол.

«Бұл жаһандық қауымдастықты соғыс пен бейбітшілік туралы шешім қабылдау мүмкіндігінен айыруы мүмкін. Дегенмен бұл әлемдегі билікті монополиялау екеніне сенгіміз келмейді», - деді Владимир Зеленский.

Осыған дейін Қытайдың сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин саммитке қатыспауы мүмкін екендерін айтты.

«Саммиттің ұйымдастырылуы Қытайдың талаптары мен халықаралық қауымдастықтың үмітіне сай келмейді. Ресейдің болмауы Қытайдың қатысуын қиындатады», - деді ол.

Оның бұл пікіріне Мәскеу тарапы қолдау білдірді.

«Қытайдың Ресейге қолдау көрсетуінің арқасында соғыс ұзаққа созылады. Ал бұл бүкіл әлемге, сондай-ақ елдердің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қолдайтынын ресми түрде айтқан Қытайдың өзіне де кері әсер етеді», - деді Украина басшысы.

Зеленский Швейцарияда өтетін саммитте ұсынатын ұсыныстары бар екенін, оның ішінде ядролық және азық-түлік қауіпсіздігін, сондай-ақ әскери тұтқындарды босату мәселелерін қозғайтынын атап өтті.

АҚШ Қытайдың Ресейге қосарлы мақсаттағы тауарларды экспорттауы соғыс кезіндегі елдің қорғаныс өнеркәсібі базасын күшейтіп жатқанын айтып, Бейжіңге мұндай қолдаудың салдары туралы ескерткен. Алайда, ҚХР бұл айыптауларды жоққа шығарып отыр.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91