Қайғылы статистика: былтыр әлемде өлім жазасына кесілгендер саны күрт өсті

Иранда 853 адам өлім жазасына кесілген

Админ
31/05/2024 - 11:20

Getty Images/Volkan Kurt

Getty Images/Volkan Kurt

2023 жылы өлім жазасына кесілгендердің саны соңғы 10 жылдағы рекордты деңгейге жетті. Бұл туралы Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының жыл сайынғы баяндамасында айтылған, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Аталмыш ұйымның мәліметіне сәйкес, былтыр 1153 адам өлім жазасына кесілген, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық. Бұл ретте баяндамада Қытай бойынша деректер көрсетілмеген, өйткені бұл елде мұндай ақпарат нақты көрсетілмеген. Алайда, құқық қорғаушылар Қытайды өлім жазасының саны бойынша көшбасшы деп санайды. Олардың мәліметі бойынша, Қытайда жыл сайын бірнеше мың адам өлім жазасына кесіледі.

Сол сияқты, 2023 жылы Таяу Шығыста өлім жазасына кесілгендер саны күрт өсті, әсіресе Иранда. Бұл елде 853 үкім орындалды. Аталмыш рейтингте Ираннан кейін Сауд Арабиясы, Сомали және АҚШ тұр.

Amnesty International ұйымы 2015 жылдан бері осы тақырыпта баяндама жасап келеді. Ұйымның есебінде соттар шығарған өлім жазасына кесу үкімі ескерілген. Жалпы, өткен жылы әлемнің 16 елінде өлім жазасы орындалған.

Айта кетейік, бүгінде әлемнің көптеген елдерінде, оның ішінде Қазақстанда да өлім жазасына мораторий енгізілген. 2021 жылдың 29 желтоқсанында Президент Қасым-Жомар Тоқаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінен бұл жазаны алып тастап, өлім жазасына қатысты заңнама бойынша түзетулерге қол қойды.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91