Алаяқтардың әдісі, жалған жарнамалар: былтыр 44 мың адам 140 млрд теңгесінен айырылған

Телефон арқылы жасалатын алаяқтық түрлері белгілі болды

Админ
31/05/2024 - 10:14

Фото: paysera

Фото: paysera

Өткен жылы 44 мың қазақстандық алаяқтардың арбауына түскен. Оларға келтірілген залал мөлшері 140 млрд теңгеге жеткен. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен ҚР Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыскерлікке қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Прокуратура мәліметінше, алаяқтар өз құрбандарының сеніміне кіру үшін замануи IT-технологияларды және психологиялық айла-шарғыларды қолданады.

ИНТЕРНЕТ АРҚЫЛЫ АЛАЯҚТЫҚ МЫНАДАЙ ТӘСІЛДЕРМЕН ЖАСАЛАДЫ:

Телефон арқылы жасалатын алаяқтық

Қылмыскерлер Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерден қоңырау шалу үшін абоненттік номерді ауыстыруға мүмкіндік беретін IP (SIP) – телефония құрылғысын пайдаланады.

Негізінен, алаяқтар телефонға хабарласып, есеп шотта күдікті операциялардың болып жатқандығын, сол үшін шұғыл арада қаражатты сақтап қалу үшін, «сақтандыру шотына» аударуды талап етеді.

Кейде қылмыскерлер қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік беретін бағдарламаларды (Team Viewer, Anydesk, Rustdesk және басқалары) орнатуды сұрайды. Сол арқылы компьютер немесе смартфонға қосылып, құпия сөздерге, логиндерге қол жеткізе алады.

Фишинг – сілтемелер көмегімен жасалатын алаяқтық.

Алаяқтар жалған сайтқа сілтеме бойынша өтуді (банктің немесе, мысалы, танымал дүкеннің сайтына ұқсас) және өз картасынының мәліметтерін толтыру үшін хатты ашуды сұрайды.

Ол онлайн-банкингке немесе жүйеге қол жеткізу және бөгде шоттарға қаражатты аудару үшін қолданылады.

Брашинг – маркетплейстердегі, хабарландыру тақталарындағы және интернет-аукциондардағы алаяқтық. Алаяқтар алдау арқылы өз құрбандарын сатып алушыға ешқашан жеткізілмейтін немесе жалған интернет-тауарлар үшін төлем ақы жасауға мәжбүрлейді.

Дипфейктер – әлеуметтік инженерия мен жасанды интеллектті қолданып алаяқтық жасау. Оның көмегімен қылмыскерлер банктік шотқа қол жеткізу, одан қолма-қол ақшаны шешіп алу және жалған несиелерді рәсімдеу үшін бөтен біреудің құжаттарын қолдан жасай алады және жаңасын «синтездей» алады.

ҚАРЖЫ ПИРАМИДАЛАРЫ, ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР

Алаяқтар жылдам және өте жоғары табысты уәде ете отырып әлеуметтік желілерде жалған посттар мен интернетте жарнамалық баннерлерді әдейі жасайды.

«Алаяқтыққа қарсы тұру үшін құқық қорғау органдары кешенді шаралар қабылдауда.

Байланыс операторларымен бірге 44 млн-нан астам күмәнді «шетелдік» қоңырау шалулар бұғатталып, оның нәтижесі алаяқтықтар санын 30%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.

2023 жылы ІІМ жанынан Киберқылмысқа қарсы орталық, ал аумақтық Полиция департаменттерінде «КиберПол» бөлімшелері құрылды.

Бұл 3,8 мың қылмысты ашуға және азаматтарға 850 млн теңгені өндіріп, 1891 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік берді.

Онлайн алаңшаларда 500-ден астам алаяқтық жарнама жойылып, 57 қылмыстық кибертоп әшкереленді», - делінген хабарламада.

Осындай топтардың бірі автомобильдерді сату жөніндегі қазақстандық сайтта Түркиядан хабарландырулар жариялай отырып, жоқ көліктер үшін 52 азаматтан 78 млн теңге мөлшеріндегі ақшаны қолды еткен.

Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері қамаққа алынып, ұйымдастырушысына іздеу жарияланды.

Сондай-ақ, азаматтарға қоңырау шала отырып, 180 млн теңгеден астам ақша қаражатын иемденіп алған Шымкент қаласындағы кибералаяқтар әрекетінің жолы кесілді.

Құқыққа қайшы контенті бар 2,5 мың интернет-ресурс бұғатталды, оның 1,3 мыңында алаяқтық белгілері болған.

Мессенджерлерде («WhatsApp», «Telegram», «Instagram» және т.б.) «Cyberbot» арнайы топтарын құру арқылы тек 1 ай ішінде алаяқтық сілтемелер туралы 300-ден астам ресурс жойылды.

Бас прокуратура мәліметінше, алаяқтық әрекеттердің көбеюіне байланысты ең ауқымды түсіндіру жұмысы жүріп жатыр.

«20 мыңнан аса материалдар жарияланып, буклеттер таратылуда, СМС-хабарландыру іске асырылуда. Сол сияқты Ұлттық Банк жанынан күмәнді транзакцияларды бұғаттайтын Анти-фрод орталығын іске қосу жүргізілуде.

Үйлестіру кеңесінің қорытындысымен бірқатар ұсыным әзірленетін болады. Бас Прокурор алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мақсатында барлық уәкілетті органдар мен азаматтардың тиімді және конструктивті әріптестігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өте отырып, қазақстандықтарды алаяқтардың шырмауына түспеуге шақырды.

Жалпы 2 жыл ішінде 9 мыңға жуық алаяқ қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 24 млрд теңгеге залал өндірілді, 68 млрд теңге сомасындағы мүлікке тыйым салынды», - делінген хабарламада.

Тегтер

×

Редакция

$ 478.58  520.84  5.44