Қазақстандық десантшылар Беларусьте кәсіби сынақтан өтіп жатыр

Витебск маңындағы «Лосвидо» оқу полигонында кәсіби сынақтар өтіп жатыр

Админ
30/05/2024 - 10:40

Фото: Қорғаныс министрлігі

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстандық десантшылар Беларусьте кәсіби сынақтың кезекті кезеңінен өтті. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство мәліметінше, теориялық емтиханнан кейін «Ерлік пен шеберлік» төсбелгісін тағу құқығын иелену үшін үміткерлер келесі кезеңге өтті.

Жарысқа қатысушы 98 адамның ішінен сынақтың екінші кезеңіне 64 әскери қызметші жіберілді. Дене дайындығын тексеру 100 метрге жүзуді, 20 келі жүкпен 100 метрге жүгіруді және белтемірдегі кешенді күштік жаттығуларды қамтыды.

Нормативтерді тапсырған соң  Ми-8МТВ-5 тікұшағынан десант болып түскен сынаққа қатысушылар марш жасап, 30 шақырымды салмағы  40 келілік толық жабдықпен жүгіріп өтті. Сонымен қатар бейтаныс жердің топографиясын, карталарды оқу дағдылары мен азимут бойынша қозғалыстары тексеріліп, нысанды іздеу тапсырмасын орындады.

Үшінші кезеңге Қазақстаннан 7 үміткер жіберілді.

Естеріңізге сала кетейік, Беларусь Республикасында Витебск маңындағы «Лосвидо» оқу полигонында «Ерлік пен шеберлік» төсбелгісін тағу құқығы үшін ең күрделі кәсіби сынақтар өтіп жатыр. ҚР Қарулы күштерінің әскери қызметшілері оған екінші рет қатысып жатыр. 2023 жылы «Ерлік пен шеберлік» белгісі екі десантшыға салтанатты түрде табысталған болатын.

Тегтер

×

Редакция

$ 475.39  513.37  5.4