Қызыл теңізде Грекияға тиесілі жүк кемесі зымыран шабуылына ұшырады

Кеменің қозғалысын аймақтағы британиялық және америкалық күштер бақылап отыр

Sarbaz.kz редакторы
30/05/2024 - 09:02

Фото: Khaled Abdullah / REUTERS

Фото: Khaled Abdullah / REUTERS

Қызыл теңізде Грекияға тиесілі Маршалл аралдары туы бар жүк кемесі зымыран шабуылынан қатты зардап шекті. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Laax тасымалдағышына алғашқы шабуыл сейсенбі күні Қызыл теңіздің оңтүстігінде, Баб әл-Мандеб бұғазының маңындағы Ходейда портының жанында болды. Соққы салдарынан кеменің ішіне су кіргені хабарланды.

Ал екінші соққы сейсенбі күні кешке, бұғаздың өзінде болды.

Кеменің қозғалысын аймақтағы британиялық және америкалық күштер бақылап отыр. АҚШ орталық қолбасшылығының хабарлауынша, Laax жұмысты жалғастыруда және БАӘ-нің Фуджейра қаласына бағыт алды.

Шабуылды кім жасағаны әзірге белгісіз. Дегенмен Қызыл теңіздегі және Баб әл-Мандебтегі кемелерді Йемендегі хусит көтерілісшілері атқылайтыны белгілі. Олардың шабуылдары соңғы айларда, әсіресе Газада соғыс басталғаннан кейін жиіледі. Хуситтер Израильмен байланысты кез келген кемені су астына жіберуге дайын екендерін осыған дейін мәлімдеген.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91