Бельгия мен Украина қауіпсіздік келісіміне қол қойды
Бельгияда іссапармен жүрген Украина президенті Владимир Зеленский осы елдің премьер-министрі Александер Де Кроомен қауіпсіздік келісіміне қол қойды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Құжат Бельгияның Украинаға биыл кемінде 977 миллион еуро көлемінде әскери көмек бөлуін, сондай-ақ Бельгияның келісімнің он жылдық мерзімі ішінде қолдау көрсету міндеттемесін қарастырады», – деп жазды Зеленский X желісінде.
Келісімде Бельгияның Украинаға 2028 жылға дейін 30 дана F-16 жойғыш ұшағын жеткізу мәселесі қарастырылған. Олардың алғашқысы биыл жеткізіледі.
«Алғашқы F-16 техникалары Украинаға осы жылдың соңына дейін жіберіледі», – деді Бельгиягың сыртқы істер министрі Аджа Лябиб.
Келісім Украинаға қауіпсіздікке уақытылы көмек көрсетуге, Украина әскери-әуе күштері мен әуе қорғанысының қажеттіліктері үшін броньды машиналарды, жабдықтарды жеткізуге, теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және миналардан тазартуға көмектесуге, артиллериялық оқ-дәрілерді жеткізу бойынша коалицияға қатысуға және оларға көмек көрсетуге кепілдік береді.
Сондай-ақ құжат қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты, Бельгияның Украинаның бейбітшілік формуласын қолдауын, Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуді, агрессорға қатысты әділеттілікті, тыйым салынған ресейлік активтерді пайдалануды және экономиканы қалпына келтіруге көмектесуді қарастырады, деді Зеленский.
Украина президенті дәл осындай келісімді Испания премьер-министрі Педро Санчеспен де жасады.
Киев бірқатар елдермен, оның ішінде Германиямен және Италиямен осындай келісімдерге қол қойды.
Бельгиядан кейін Зеленский Португалияға барады деп күтіліп отыр.