Мемлекет басшысы Әзербайжан Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті және әзербайжан халқын ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Бұл туралы Sarbaz.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
– Әзербайжанның мемлекеттілігі мен халықаралық беделін нығайту ісіндегі таңқаларлық жетістіктері осы тарихи датаның мән-маңызын арттыра түседі. Қазақстан бауырлас Әзербайжанның қол жеткізген табыстарына зор ықыласпен тілеулестік танытып, достық пен өзара қолдау рухындағы сан қырлы ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше назар аударады. Қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы туысқан халықтардың өсіп-өркендеуі жолында беки түсетініне сенімдімін, – деп жазылған жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке жалпыұлттық көшбасшы ретінде табыс, ал бауырлас әзербайжан халқына бейбітшілік, бақ-береке тіледі.