Столтенберг НАТО елдерін Украинаның Ресейге соққы жасауға қатысты шектеуін алып тастауға шақырды

Оның айтуынша бұл шектеулер Украинаның қорғаныс қабілетін төмендетеді

Sarbaz.kz редакторы
28/05/2024 - 10:26

Фото: Euronews

Фото: Euronews

НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг альянсқа мүше елдерді Украинаға қару-жарақтың жекелеген түрлерін беру барысында қойылған шектеулерді алып тастауға шақырды. Мұны Ресей әскерінің Харьковтегі шабуылымен түсіндірді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Йенс Столтенберг Болгарияда өткен НАТО-ның парламенттік ассамблеясында осындай мәлімдеме жасады. Ол сондай-ақ журналистерге Ресейдің көрші елге шабуыл жасауы халықаралық құқықты бұзу екенін және Украинаның өзін-өзі қорғауға құқығы бар екенін айтты.

«Кейбір одақтастар шектеулерді алып тастады. Өзгелері бұл шектеулерді қайта қарауы керек деп есептеймін. Өйткені шектеулер тым көп болған кезде Қарулы күштердің қолдары байлаулы болып, қорғаныс қабілетін төмендетеді», - деп атап өтті Столтенберг.

Киевтің серіктестері арасында қандай қару-жарақ жеткізілуі мүмкін және қажет екені туралы көптеген келіспеушіліктер бар.

Агенттік мәліметінше, кейбір елдер Ресейге күшті соққы жасай алатын қару-жарақты Украинаға бергісі келмейді. Себебі, бұл Батыспен соғыс отының тұтануына әкеледі деп үрейленеді.

Өз кезегінде Италияның премьер-министрі Джорджия Мелони Украинаның Ресейдегі нысандарға соққы жасауы үшін альянс қаруын қолдануына қарсы шықты.

«Столтенберг мырзаның неліктен мұндай үндеу жасап жатқанын түсінбеймін. Одақ әлсіздік көрсетпеуі керек дегенге келісемін. Бірақ көптеген күмәнді мәлімдемелер бар, оның ішінде Эммануэль Макрон тарапынан да. Мен барынша сақтықты ұсынамын», - деді Италияның премьер-министрі.

Шекара аймағындағы шайқастар Киевтің одақтастарына қысымды күшейтеді.

Демалыс күндері Украина президенті Владимир Зеленский Ресей әскері Харьковтегі шабуыл операцияларын күшейтуге дайындалып жатқанын ескертті.

Мамыр айынан бері Ресей армиясы Украинаның солтүстігіндегі бірнеше ауыл мен елді мекенді басып алды. Ал Украинаның қарулы күштері тиімді қорғаныс құра алмай отыр.

АҚШ, Ұлыбритания және Франция Украинаға ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандарын берді. Дегенмен Германия канцлері Олаф Шольц Киевтің бірнеше рет өтініш жасағанына қарамастан, Taurus зымырандарын беруден бас тартты.

Шольц нысананы өз бетінше тауып, жоя алатын зымырандарды неміс командалары басқаруы керек екенін айтқан.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91