Зеленский Испанияға сапармен барды
Украина президенті Владимир Зеленский Испанияға сапармен барды. Оны әуежайдан король VI Филипп қарсы алды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Владимир Зеленскийдің ұшағы бүгін түске жақын Мадридке қонды. Король Филипп VI Украина президентінің келуін Баражас әуежайының мемлекеттік павильонында күтті. Соңғы рет ол шетелдік көшбасшыны 2022 жылы маусымда Джо Байден Испанияға сапармен келген кезде қабылдады.
Зеленскийдің сапары 17 мамырға жоспарланған еді. Бірақ Ресейдің шабуылына байланысты сапардан бас тартуына тура келді. Қазіргі сапарды Монклоа сарайы қауіпсіздік мақсатында жексенбі күні кешке ғана растады.
Украина президентінің сапары барысында испаниялық қару-жарақ өнеркәсібі үшін миллиондаған еуроны құрайтын келісімдерге қол қойылады деп күтіліп отыр. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, әскери техниканы TRC, Indra, Escribano, Uro, Expal немесе Instalaza сияқты компаниялар шығарады.
El País газетінің хабарлауынша, Испания дүйсенбі күні Украинаға құны 1 миллион 129 мың доллар болатын қару-жарақ пакетін өткізбек. Бұл Испанияның әскери көмегінің бұрын-соңды болмаған деңгейі.
Испания үкіметінің басшысы Санчес пен Зеленский Монклоада екіжақты қауіпсіздік келісіміне қол қояды деп күтіліп отыр. Бұл келісім бойынша Испания Украинаға әскери қолдау көрсетуді жалғастыруға міндетті болады.
Испания сондай-ақ 4000 жаңа украиналық сарбаздың дайындығына жауапты болады.