Ресей әскері ол жерге сәуір айының басында басып кірді
Ресей әскері Донбасстағы Красногоровка қаласының 60 пайызын басып алды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Красногоровка Донецктен батысқа қарай 20 км жерде Старомихайловка ауылына жақын тұста орналасқан. Соғысқа дейін қалада 15 мыңға жуық адам тұрған. Ресей әскері ол жерге сәуір айының басында басып кірді. Содан бері ол жерде көше шайқастары жүріп, Ресей қарулы күштері қалаға тұрақты түрде қосымша күштерді жеткізіп тұрады.
«Красногоровкадағы жағдай Украина армиясы үшін өте қиын. Ресейдің басқыншы күштері қала орталығын басып алып, ондағы әскерін танктермен және жаяу әскерлердің жауынгерлік машиналарымен күшейтті. Олар қазір қаланың 60%-ға жуығын бақылауына алды», - деп жазады аталмыш басылымның ашық деректерді талдау сарапшысы Джулиан Рёпке.
Оның айтуынша Донецк облысындағы майданның өзге секторында Ресей қарулы күштері Авдеевканың батысындағы Уманское ауылын басып алған. Ол үшін шайқас 1,5 айға созылды. Харьков пен Луганск облыстарының шекарасында Ресей әскері Ивановка мен Кисловка ауылдарын басып алды.