12 адам жарақат алды: Дохадан Дублинге ұшқан Qatar Airways ұшағы әуе шұңқырына соғылған

Әуе оқиғасының куәгерлері жағдайды «қорқынышты» деп атады 

Sarbaz.kz редакторы
27/05/2024 - 11:19

Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Жексенбіде Дохадан Дублинге Qatar Airways рейсімен ұшқан он екі адам әуе лайнерінің Түркия үстіндегі қатты турбуленттілік аймағына енуінен зардап шекті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл бір – апта ішіндегі қатты турбуленттіліктің екінші жағдайы. Бірнеше күн бұрын әуе шұңқырына соғылу салдарынан Сингапурға бағыт алған ұшақ жолаушыларының бірі (73 жастағы британдық) қайтыс болып, ал 100-ден аса адам ауыр жарақат алған болатын.

Дохадан Дублинге ұшу кезінде Boeing 787-9 Dreamliner ұшағының алты жолаушысы және экипаж мүшелері әртүрлі дәрежеде жарақат алды.

Ұшақ аман-есен қонған соң Дублинде рейсті өрт сөндірушілер, көлік полициясының қызметкерлері және жедел жәрдем көлігі қарсы алды.

Зардап шеккендердің арасында сегіз адам ауруханаға жатқызылды.

Әуе оқиғасының куәгерлері жағдайды «қорқынышты» деп атады.

Олардың айтуынша, борт серіктері жолаушыларға тамақ пен сусын таратып жатқан кезде ұшақ әуе шұңқырына соғылып, бұл жағдай 20 секундқа созылған.

Катал есімді жолаушылардың бірі Ирландия телеарнасына берген сұхбатында оқиға болған кезде «белбеу» белгісі өшірілгенін және оған ұсынылған кешкі ас үстелден құлап қалғанын айтты.

Жолаушылардың тағы бірі адамдардың төбеге басын соғып, тамақ пен сусындар бүкіл салонға ұшып жатқанын жеке өзі көргенін айтады.

Сол жолаушы бұл оқиғадан кейін экипаж мүшелерінің ақсаңдап жүргенін (кейбіреулері таңғыш киген) және оттегі маскасын киген адамның арқа жарақатына күдіктеніп отырғанын көргенін айтты.

Таиландтан оралған Эмма әуе шұңқырына түскен сәтте ұйықтап жатқанын, бірақ оқиға кезінде ол оянып, айналасындағылардың бәрі үрейлене бастағанын көргенін жеткізді.

Qatar Airways авиакомпаниясының ВВС агенттігінің сұрауына жауап ретінде ұшу кезінде бірнеше жолаушы мен экипаж мүшелері жеңіл жарақат алғанын және қазіргі уақытта оларға медициналық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады.

Авиакомпанияның баспасөз қызметі жексенбілік оқиға бойынша ішкі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85