Франция президенті Германияға 24 жылдан кейін ресми сапармен барды

Көршілер арасында көптеген мәселе бойынша жиі келіспеушіліктер болды

Sarbaz.kz редакторы
27/05/2024 - 10:58

Фото: Euronews

Фото: Euronews

Эммануэль Макрон жұбайымен бірге Германияға іссапармен барды. Бұл Франция президентінің соңғы 24 жылдағы алғашқы мемлекеттік сапары, дейді бақылаушылар. Үш күндік сапар Еуропа Одағының «локомотивтері» арасындағы берік байланыстарды көрсетуге арналған. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл сапар өткен жылдың шілде айында болуы керек еді, бірақ полиция қызметкерінің қолынан 17 жастағы Наэль қаза болғаннан кейін Францияда тәртіпсіздіктер орнады. Осыған байланысты іссапар кейінге шегерілді.

Париж бен Берлин сыртқы саяси ұстанымдарын үйлестіру барысында Макрон Германияға жиі келетін. Дегенмен бұл ресми сапар бұрынғы президент Жак Ширактан (2000 жылы) кейінгі алғаш рет болып отыр.

Бұл жолы Эммануэль Макрон мен оның жұбайы Брижитті президент Франк-Вальтер Штайнмайер қабылдады. Сапар Германия конституциясының қабылданғанына 75 жыл толуын мерекелеуге байланысты болып отыр.

Жексенбі күні кешке Штайнмайер Берлиндегі Bellevue сарайында Макронның құрметіне мемлекеттік банкет берді. Келесі күні екі президент елдің шығысындағы Дрезденге барады, онда Макрон сөз сөйлейді. Сейсенбі күні Германияның батысындағы Мюнстер қаласына сапар жоспарланған. Осы күні кешке мемлекеттік сапардан кейін Берлин сыртындағы үкіметтік қонақ үйде Макрон, Германия канцлері Олаф Шольц және екі елдің министрлері арасында кездесу өтеді.

ЕО-ның ең ірі экономикалары Германия мен Франция ұзақ уақыт бойы еуропалық интеграцияның қозғаушы күші ретінде қарастырылды. Дегенмен көршілер арасында көптеген мәселе бойынша жиі келіспеушіліктер болды. Мәселен, Париж бен Берлин Киевті қолдау үшін құрлық әскерін жіберу мәселесінде екі түрлі пікірде.

Тегтер

×

Редакция

$ 481.84  531.33  5.07