Махамбет пен Сарытоғай ауылдарын жалғайтын жолды бақылау күшейтілді
Атырау облысындағы екі ауылдың арасындағы жырылған жолға 12 метрлік бетон плита қойылды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Махамбет ауданы жедел штабының үйлестірушісі Алшынбек Мұханғалиевтың айтуынша, қазір Махамбет пен Сарытоғай ауылдарын жалғайтын жолды бақылау күшейтілген.
«Бірнеше күн бұрын Жайық өзенінен мол су келіп, Махамбет ауылына қауіп төндірген еді. Соған байланысты Махамбет пен Сарытоғай ауылдары арасындағы жол жабылып, арнайы техникалармен жырылды. Жолдың ұзындығы – 5 шақырым. Қазір аталған жолдың екі жағына қорғаныс бөгеті салынып, үстіне ұзындығы 12 метрлік бетон плита қойылды. Бұл жолмен жаяу жүргіншілер мен жеңіл көліктердің өтуіне болады. Сарытоғай ауылынан шығатын орташа және ауыр жүк көліктері «Сейтек» шәйханасы жанындағы айналма жолмен жүреді», – деді Алшыбек Мұханғалиев.
Оның айтуынша, қазір полицейлер аталған жолдағы қозғалысты бақылауға алған. Әсіресе, жаяу жүргіншілер мен жеңіл автокөліктер қауіпсіздігі ұдайы қадағаланып отыр.
«Қазір Махамбет ауданында Жайық өзенінің жағалауына әр 300 метр сайын 27 кезекшілік бекеті қойылды. Кезекшілікке төтенше жағдайлар саласының мамандары мен сарбаздар, мемлекеттік қызметкерлер мен жергілікті тұрғындар тартылды. Олар аудандық жедел штабқа сағат сайын Жайық өзеніндегі ахуал туралы баяндайды», – деп мәлім етті Алшынбек Мұханғалиев.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Жайық өзеніндегі су деңгейі Индер ауданында 10 метрден төмен түскені хабарланған болатын.