Сейсмолог оңтүстік астанада жер асты қаласын салуды ұсынды

Физика-математика ғылымдарының кандидаты Мұхтар Хайдаров Алматыдағы жер сілкінісіне шыдамды ең қауіпсіз ғимараттарды атады

Нұрдәулет Кәкіш
24/05/2024 - 11:06

Фото: М. Хайдаровтың жеке мұрағатынан

Фото: М. Хайдаровтың жеке мұрағатынан

Алматы қаласының әкімдігі ақпан айында Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы құрылатынын хабарлады. Жаңа басқарма шаһар қауіпсіздігін қаншалықты күшейтеді? Жалпы, Алматының сейсмикалық жағынан қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етуге болады? Бұл сұраққа сейсмолог, физика-математика ғылымдарының кандидаты Мұхтар Хайдаров жауап берді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

«Менің пікірім – Президент тапсырма берген соң жергілікті атқарушылар кеңес, басқарма, комиссия құра береді. Бірақ бұл – бюрократиялық жауап. Ал шын мәселе қаланың Бас жоспарында. Біздің қаланың (Алматының – ред.) бас жоспары өте асығыс жасалған. Онда қателер мен кемшіліктер көп. Мен осы құжатты талқылау жиналыстарының біріне қатыстым. Маған аса ешкім сөз берген жоқ, бірақ бір-екі рет микрофон қолыма тиді. Сонда «биік үйлер тығыз-тығыз салынып кетті, енді адамдар тығылатын жер болуы үшін LRT емес, метро салайық» деп айтқанмын. Себебі жер үстінде дүмпу 9 балл болса, метро ішінде 2-3 балл болады, бұл – физика. Сондықтан метро станцияларын көбейту қажет. Сондай-ақ жер астында базар, медициналық пункт, қоймалар ашу керек. Жер сілкінсе, халық қайда кетеді? Әсіресе, қыста. Ал жер астында 7-10°C жылы болады. Бізде «Жерасты құрылыстарын салу» деген мамандық болған. Сондай мамандарды шақырып, жер астында қала салу қажет. Жай ғана жерді қаза салған болмайды», – деді Мұхтар Хайдаров Қазақпаратқа берген сұхбатында.

Сонымен қатар сейсмолог Алматыдағы жер сілкінісіне шыдамды ең қауіпсіз ғимараттарды атады.

«Меніңше, қазіргі Алматы қаласы әкімдігінің ғимараты – қаладағы ең сейсмикалық қауіпсіз нысан. Себебі бұл жай ғимарат емес, арнайы жобамен салынған. Екінші, ол, әрине – «Қазақстан» қонақ үйі. Ал өзге көпқабатты үйлер туралы ештеңе айта алмаймын. Егер құрылыс талаптарын сақтап, аса биік салмай, қыста емес, жаздыгүні құрылыс жүргізсе, ғимараттар тұра береді. Біз жер сілкінгенде биік ғимараттардан қашсақ, жапондықтар керісінше, көпқабатты үйлерге жүгіреді. Себебі оларда әрбір 10 қабат сайын механикалық айналма жасалады», – деді физика-математика ғылымдарының кандидаты.

 

×

Редакция

$ 450.79  482.21  5.05