Норвегия Палестинаны мемлекет ретінде мойындайтынын хабарлады

Осыған дейін Ирландия мен Испания Палестинаны мемлекет ретінде мойындайтыны хабарланған

Sarbaz.kz редакторы
22/05/2024 - 12:13

Фото: Euronews

Фото: Euronews

Норвегияның Палестинаны мемлекет ретінде ресми түрде мойындайтынын хабарлады. Бұл туралы елдің премьер-министрі Йонас Гар Стере мәлімдеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап.

Йонас Гар Стеренің айтуынша, Палестина мемлекет ретінде мойындалмаса, Таяу Шығыста бейбітшілік орнату мүмкін емес.

Норвегияның премьері Скандинавия елі 28 мамырдан бастап Палестина мемлекетін мойындайтынын айтты.

Соңғы апталарда Еуропа Одағының бірнеше елі аймақта бейбітшілік орнату үшін екі мемлекет болуы керек екенін мәлімдеп, Палестинаны мойындауды жоспарлап отырғандарын хабарлады.

Норвегия ЕО-ның мүшесі емес, бірақ Израиль мен Палестина екі мемлекет болуы тиіс деген шешімді қолдайды.

Осыған дейін Ирландия мен Испания Палестинаны мемлекет ретінде мойындайтыны хабарланған болатын.

Бельгия мен Мальта да осындай ниеттерін білдірді.

Сәуір айының соңында ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель мамыр айының соңына дейін Палестинаны ЕО-ның бірнеше елі мойындайтынын айтты.

Еуропалық мемлекеттердің ішінде Палестинаның тәуелсіздігін Болгария, Венгрия, Кипр, Мальта, Польша, Румыния, Словакия, Чехия және Швеция мойындады. Жалпы алғанда, Палестинаны БҰҰ-ның 193 елінің 143-і, оның ішінде Ресей де тәуелсіз мемлекет ретінде таныған.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91