Су басқан өңірлерде 5,4 мың адам үйіне орала алмай отыр – ТЖМ

Республика бойынша эвакуацияланған 61 372 адам өз үйлеріне оралды

Sarbaz.kz редакторы
21/05/2024 - 11:43

Фото: ҚР ТЖМ

Фото: ҚР ТЖМ

Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқыны болған өңірлердегі жағдай туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы және құрғатылған үйлер мен аумақтарда дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде.

Өткен тәулікте Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында қалған су басқан 9 аула аумағынан 131 810 текше метр су сорылды. Қалған су басқан 20 аула аумағынан су сору жұмыстары жалғастырылуда.

«Атырау облысының Құлсары қаласы мен Индер ауданының Индербор ауылында су басқан аумақтардан 38 111 текше метр су сорылды, 15 100 қап төселді. Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг жүргізілуде. Жайық өзені су деңгейінің көтерілуіне байланысты Махамбет ауданындағы шаруа қожалықтарының аумағында екі жеке тұрғын үй мен бір шаруашылық ғимаратты су басты. Бұл үйлерде ешкім тұрмайды. Ауылшаруашылық жануарлары алдын ала қауіпсіз жерге айдалады. Кезекшілік ұйымдастырылды.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Құйлыс және Жайсаңбай ауылдарында 2 800 қапшық пен 1 550 тонна инертті материал төселді. Бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғастырылуда.

Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы мен Бәйтерек ауданының Мичуринское ауылында қуатты жылжымалы сорғы станцияларының көмегімен саяжай үйлерінен еріген қар суын сору жұмыстары жүргізілуде. Өткен тәулікте 228 845 текше метр су сорылды.

Республика бойынша эвакуацияланған 61 372 адам өз үйлеріне оралды. 5 446 адам уақытша орналасу пункттерінде қалуда. 23,5 млн артық еріген қар суы сорлып, 11 319 жеке тұрғын үй мен 3 602 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. 7,9 млн артық қапшық және 1,5 млн тонна инертті материал төселді», - делінген хабарламада.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 4 544 адам, 717 техника, 242 су сору құралы және 57 жүзу құралы, 4 әуе кемесі жұмылдырылды.

×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94