Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына үкім шығарылды

Сот оған 8 жыл 5 ай 7 күн мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады

Админ
20/05/2024 - 12:58

Фото: instagram.com/isakhov_maksut/

Фото: instagram.com/isakhov_maksut/

Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховқа үкім шығарылды. Ол ұлттық қауіпсіздік комитеті қалалық департаменті бастығының бірінші орынбасарына пара беруге қастандық жасады деп айыпталды, деп хабарлайды Sarbaz.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қылмыстық іс Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды. Сот үкімін қала әкімінің бұрынғы орынбасары онлайн тыңдады. Ол бұрын денсаулығына байланысты ауруханаға жатқызылған.

«Мақсұт Пернебайұлы Исахов ҚР ҚК 367-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және осы бап бойынша оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жыл 5 ай 7 күн мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Бұдан басқа, мемлекеттік награда – «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілді», – деп хабарлады Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Тергеудің мәліметінше, Мақсұт Исахов Шымкент қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті бастығының бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі жабу үшін 200 мың доллар ұсынған.

Мақсұт Исахов 2020 жылдың ақпан айынан бастап Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды, бірнеше салаларға жетекшілік етті: Көлік және автожолдар салу, туризм, қаланың спорттық өмірі, цифрландыру және жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау. Ол пара берді деген күдікпен 2023 жылдың шілдесінде ұсталды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85