Бішкектегі тәртіпсіздік: жүздеген пәкістандық студент әскери ұшақпен өз еліне қайтарылды

Қырғызстанда 11 мыңнан астам пәкістандық студент білім алып жүр

Sarbaz.kz редакторы
20/05/2024 - 10:45

Фото: Пәкістанның ішкі министрлігі

Фото: Пәкістанның ішкі министрлігі

Бішкектегі студенттер жатақханаларының маңында жергілікті тұрғындар мен шетелдіктер арасында қақтығыс болғаннан кейін 700-ден астам пәкістандық студент Қырғызстаннан өз еліне эвакуацияланып жатыр. Бұл туралы Пәкістан сыртқы істер министрі Исхак Дар мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Kaktus.media сайтына сілтеме жасап.

«Осы уақытқа дейін біз 130 пәкістандық студенттің оралуына ықпал еттік, тағы 50-ден астамы тіркелді. Сонымен қатар 540 студент коммерциялық рейстермен оралады. Бұл іске Пәкістан әуе күштерінің рейсі де ұйымдастырылды. Бішкектен келген студенттермен ішкі істер министрі Мохсин Накви жеке кездесу өткізеді», - деді министр баспасөз мәслихатында.

Исхак Дар жарақат алған пәкістандық студенттерге медициналық көмек көрсету басты басымдық екенін айтты. Ол барлық студенттің қауіпсіз жағдайда екенін растап, оқиға туралы саяси мақсатта әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарағаннан кейін түсініспеушілік болғанын айтты.

«Бішкектегі оқиға түсініспеушілік салдарынан болып, түрлі ұлт өкілдері, оның ішінде пәкістандық, үндістандық, бангладештік және араб елдерінің студенттері зардап шекті. Әлеуметтік желіде жалған хабарламалар таралып жатыр, бұл жиіркенішті», - деді Пәкістан сыртқы істер министрі.

БАҚ мәліметінше, Қырғызстанда 11 мыңнан астам пәкістандық студент білім алып жүр.

Мамырдың 17-сінен 18-іне қараған түні Бішкектің бірқатар ауданында шетелдіктер, негізінен Азиядан келген иммигранттар тұратын орындарда жергілікті тұрғындардың қатысуымен жаппай митинг өтті. Оған қатысушылар 13 мамырда болған төбелеске байланысты әділдік талап етіп, наразылық акцияларын өткізді. Ол күні Бішкектегі жатақханалардың бірінде шетелдіктер мен Қырғызстан азаматтары арасында жанжал шыққан.

Қырғызстан ІІМ шетелдік студенттер жатақханаларға кіріп, жергілікті жігіттерге күш қолданғанын, сол сияқты есіктерді сындырып, тәртіпсіздіктер жасағанын, қыздар тұратын бөлмелерге баса-көктеп кіргенін хабарлады.

×

Редакция

$ 471.83  505.66  5.4