Тасқын су Атырауға жақындап келеді

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, тасқын қаупі сейілген жоқ

Аян Кайырбаев
18/05/2024 - 10:44

ТЖМ

ТЖМ

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен жедел штаб отырысы өтті. Алдымен аймақ басшысы Жайық өзенi бойындағы учаскелерге жауаптылардың жұмыс барысы туралы есебін тыңдады, деп хабарлады Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы.

Кейін аймақ басшысы жаға бойында тәулік бойына кезекшілікті күшейтуді, дабыл бөгет жарылған соң емес, ыза түсіп дымқыл тарта бастағанда қағылу керектігін атап өтті. Әр учаскеде арнайы техникалар сақадай сай тұру қажеттігін баса айтты. 

Қазір Индер ауданында су деңгейі түсті, алайда ол арқаны кеңге салу керек деген сөз емес. Қазір нөпір су Махамбет ауданына келді. Бөгет астындағы ескі құбырлар тұрған жерлерге салмақ түсіп, су қатты қысыммен бөгеттерді жарып жатыр. Мұндай қауіпті орындарға кезекшілікті күшейту керек. Ендігі күшті Атырау қаласы қабылдайды. Қалада су аудандардағыдай жан-жаққа жайылып кетпей, бір арнамен өтеді. Қатты қысыммен келген су үлкен деңгейге көтерілуі мүмкін. Кезекшілікке тұрған мамандар бір жерде қалмай, учаскені толық қадағалау керек. Әр координатор басында жүрсін. Қазір жайбарақат отыратын кез емес.  Сарыөзек пен Соколок арнасы -  қаланың негізгі қорғаныс құрылымы. Ол жерге жету үшін біраз уақыт өтеді. Оқыс жағдай бола қалса, мамандар сол жерде болсын. Қалаға түсер салмақ көбейгелі тұр, – деді С.Шәпкенов.

Жиынды қорытындылаған Серік Шәпкенов әр іске жауапкершілікпен қарап, жетіспейтін құрал-жабдықтарды толықтырып, бөгет басындағы қауіпсіздік ережесін сақтауды тапсырды.

Атырау облысында 500 шақырымнан астам бөгет салынды. Қазір әртүрлі ұйымдардың 2000-нан астам қызметкері, еріктілер, әскери қызметшілер тәулік бойы кезекшілікте тұр.

Тегтер

×

Редакция

$ 475.39  513.37  5.4