Абай облысында сарбаздар футбол матчын тамашалады

Сарбаздар футбол жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленді

Sarbaz.kz редакторы
17/08/2023 - 22:54

Семейде футбол ойынын тамашалаған сарбаздар ту ұстап, барабан ойнап, стадиондағы жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді, деп хабарлайды Sarbaz.kz Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Абай гарнизонының 36803 әскери бөлімінің сарбаздары семейлік «Елімай» мен түркістандық «Тұран» командалары арасындағы ойынды тамашалады. Сарбаздар жергілікті командаға әр минут сайын қолдау көрсеткен жанкүйелердің ұранын барабанмен сүйемелдеп отырды. Ойын қорытындысы бойынша алаң иелері басым түсті.

«Ойын өте тартысты өтті. Көз алдымызда отандық футболшылардың аяқ алысын көріп, бір марқайып қалдық. Мен Ақтөбе қаласынан әскерге шақырылғанмын. Біздің өңірдің жұрты да футбол десе, делебесі қозады», – деді 36803 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі Азамат Абуов.

36803 әскери бөлімінің 3 зымыран дивизион командирінің тәрбие және иделогиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Ермек Рахметовтің айтуынша, биыл Қорғаныс министрлігі мен Қазақстан футбол федерациясы арасында меморандумға қол қойылған. 

«Меморандум аясында әскери бөлім сарбаздары спорттық шараға қатысып отыр. Менің ойымша, меморандум әскери қызметшілер арасындағы бұқаралық спорттың дамуына зор мүмкіндік береді», - деді Ермек Рахметов.

Тегтер

×

Редакция

$ 476.27  515.47  5.41