Тоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады

Аймақтық ынтымақтастық барлық бағыт бойынша қарқынды дамып келеді

Sarbaz.kz редакторы
16/05/2024 - 11:20

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын қабылдады. Бұл туралы Sarbaz.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев делегация басшыларына ілтипат білдіре отырып, Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестері хатшыларының алғашқы кездесуі сыртқы және ішкі сын-қатерлер мен қауіптің алдын алу үшін күш-жігер біріктіретін, сондай-ақ оған қарсы тұруға қажетті шараларды әзірлейтін тиімді алаңға айналуы керек екенін атап өтті.

– Аймақтық ынтымақтастық барлық бағыт бойынша қарқынды дамуда. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – өте маңызды әрі оң үрдіс. Мемлекетаралық саяси диалог та мүлде жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Өңір елдері арасындағы өзара сауда-экономикалық ықпалдастық белсенді түрде кеңеюде. Соңғы бес жылда өңірішілік сауда-саттық көрсеткіші 80 пайыздан астам артып, 10 миллиард доллардан асқан. Бұл ретте елдер арасындағы экспорттық-импорттық операцияларды жоспарлы түрде ұлғайту, тауарлардың номенклатурасын көбейту мәселелері шешіліп жатыр. Бизнес арасындағы байланыс күшейіп, бірлескен кәсіпорындардың саны арта түсті. Аймақтық ірі жобалар бәрімізге айтарлықтай пайда әкеліп қана қоймай, Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын да өзгертеді. Көлік-логистика әлеуетінің еселенуі өңірдің қарқынды дамуы үшін берік негіз болады. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар жанданып, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы қатынастардың одан әрі нығая түсуіне ықпал етеді, – деді Мемлекет басшысы.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91