Словакияның премьер-министріне Ресеймен байланысы бар адам шабуыл жасады – Euronews

Ол Словакияның батысында орналасқан Левице қаласынан келген

Sarbaz.kz редакторы
16/05/2024 - 09:39

Фото: Euronews

Фото: Euronews

Словакия премьер-министрі Роберт Фицоға шабуыл жасаған адам атыс болған жерде бірден ұсталды. Журналистер оның ресейшіл әскерилендірілген «Словак солдаттары» тобымен байланысын анықтады. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Словакиялық БАҚ ұсталған адамның жеке басы туралы мәліметтерді жариялады. Оның аты-жөні – Юрай Цинтула.

JOJ телеарнасы хабарлағандай, Роберт Фицоға Словакияның батысында орналасқан Левице қаласынан келген 71 жастағы ер адам оқ атқан.

БАҚ өкілдерінің мәліметінше, Юрай Цинтула Левице қаласындағы «Радуга» солшыл әдеби клубының мүшесі. Ол өлең жазады және бүгінге дейін бірнеше кітап шығарған.

Бұрын сауда орталығында күзетші болып жұмыс істеген. Сегіз жыл бұрын ол зорлық-зомбылыққа қарсы саяси қозғалыс құру үшін қол жинап жатқанын мәлімдеген. Сонымен қатар оппозициялық «Прогрессивті Словакия» партиясының жақтаушысы.

Белгілі болғандай, 2016 жылы Левице қаласындағы жеке күзет компаниясында жұмыс істеп жүргенінде шабуылға ұшыраған.

Күдіктінің ұлы БАҚ өкілдеріне әкесінің заңды иелігінде қаруы бар екенін айтты.

Ta3 телеарнасы күдікті ұсталған соң Словакия үкіметінің саясатымен келіспейтінін айтқанын хабарлады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Юрай Цинтула шабуыл жасар алдында: «Робо, бері кел» деген.

Әзірге ұсталған адам мен оның себептері туралы ресми ақпарат жоқ.

Венгриялық зерттеуші журналист Цинтула мен сарапшылар ресейшіл деп есептейтін «Словак солдаттары» әскерилендірілген тобымен байланысы барын анықтады. Ол топ мүшелерінің Цинтуламен бірге түскен суретін тапты.

«Прогрессивті Словакияның» көшбасшысы, республика парламентінің вице-спикері Михал Шимечка Цинтуланың либералдық қозғалысқа еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Словакияның жазушылар одағы Цинтуланың 2015 жылдан бері осы қауымдастықтың мүшесі екенін растады. Енді осы жағдайдан кейін оның мүшелігі тоқтатылады.

Фицо 2023 жылдың 25 қазанынан бері Словакияның премьер-министрі қызметін атқарып келеді.

Айта кетейік, сәрсенбі күні қастандық жасалған Словакияның премьер-министрі Роберт Фицоға операция жасалды, бірақ оның жағдайы туралы нақты мәлімет белгісіз.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85