Еліміздің солтүстік және батыс облыстарында шамамен 120 мыңға жуық адам эвакуацияланды
«Елімізде болып жатқан су тасқыны Төтенше жағдайлар министрлігінің кез келген қауіп-қатерге дайын екенін көрсетіп жатыр». Бірнеше өңірде мыңдаған үйді су басып, 100 мыңнан астам адам баспанасыз қалғаннан кейін Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов кеше Үкімет отырысында осылай деп баяндама жасады. Осы орайда Sarbaz.kz тілшісі биылғы су тасқынына шолу жасап шықты.
30 жылдағы ең ірі су тасқыны
ТЖМ-ның су тасқыны туралы сағат 10.00-дегі дерегі бойынша зардап шеккен өңірлердегі 5 360 адам әлі де эвакуациялау пунктерінде болса, 61 151 адам өз үйлеріне оралған. Ал 11 255 тұрғын үй мен 3 539 аула аумағынан су бұрылып, сорылған. 19,9 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылып, 7,8 млн қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді.
«Биылғы су тасқыны 30 жыл бойы ең ірі саналған 2012 және 2017 жылдардағы су тасқыны ауқымынан асып түсті», – деген еді Президент су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысында.
Алайда ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов соңғы Үкімет отырысында биылғы су тасқынындағы жағдай ТЖМ-ның кез келген қауіп-қатерге дайын екенін көрсетті дейді.
«Қазіргі таңда елімізде болып жатқан су тасқыны Төтенше жағдайлар министрлігінің кез келген қауіп-қатерге дайын екенін көрсетіп жатыр. Дәл осы режимде өрт қаупі кезеңінде барлық қажетті іс-шаралар ұйымдастырылады», – деді министр Үкімет отырысында.
«Қарудан күрекке» немесе күзеттен министрлікке
Шыңғыс Әрінов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі болып биылғы ақпан айында тағайындалған. Оған дейін ол 18 жыл, яғни 2006-2022 жылдары аралығында ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің кадрында әртүрлі офицерлік және басшы лауазымдарда қызмет атқарған.
Президент күзетінен бірден Төтенше жағдайлар министрі лауазымына тағайындалған кезде қоғам тарапынан сыни пікірлер туындаған.
«Құтқарушының аты құтқарушы. Егер Ішкі істер министрлігінен маманды алып келіп, «сен бүгіннен бастап құтқарушысың, өрт сөндір» деп тапсырса, ол өртті сөндірмек түгілі оның өзі өртеніп оттың ортасында қалуы мүмкін. ТЖМ аты айтып тұрғандай, Төтенше жағдайлар министрлігі. Қазақта тілсіз жау деп айтады. Әртүрлі табиғи апаттар, техногендік апаттар болуы мүмкін. Ал оның (Шыңғыс Әріновтің – ред.) ойында не жатқанын білмеймін. Мүмкін өзіне білікті орынбасарлар алатын шығар?!» - деген болатын отставкадағы азаматтық қорғаныс майоры Зуялхан Ғасанов Atameken Business телеарнасына.
Аталмыш телеарнаға сұхбат берген ТЖМ органдарының ардагері Жұмабай Ескендіров жаңа министрге көп нәрсені үйрену керек болатынын айтқан еді.
«Оған (Шыңғыс Әріновке – ред.) әлі көп үйрену керек. Жоқ дегенде бір бағыт бойынша мықты маман болуы тиіс. Оның пагоны бар, генерал-майор, бірақ саласы басқа ғой. Кем дегенде қарапайым инженер болса, жарар еді. Оған қиын болады, дегенмен адамның өзіне де байланысты. Егер дұрыс жолмен жүрсе, жақсы болып кетуі де мүмкін. Әлі жас қой», – дейді Жұмабай Ескендіров.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен алғашқы брифингтерінің бірінде Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өзін күзет саласында ғана жұмыс істегенін айтып, сынап жүргендерге жауап берген еді.
«Сіз ұзақ жылдар мемлекеттік күзет қызметінде істеген екенсіз. Осыны сарапшылар көп талқылап жатыр. Қолыңызда үнемі қару жүрді. Енді күрек ұстап үйренемін дегенше, көктемгі тасқындар қаупі келе жатыр. Бұған дейін өмір бойы осы салада істеген министрлердің қолынан келмеген жұмыс сіздің қолыңыздан қалай келеді?!» – деп сұрады БАҚ өкілі ақпан айында өткен брифингте.
Алайда министр бұл сұрақтың жауабын қысқа қайырды.
«Қарумен қатар күрек те ұстадық, басқа да құралдар ұстадық. Сондықтан ол жағынан тәжірибеміз бар. Ең бастысы – жұмыстың бәрін өз уақытында ұйымдастыру. Қалай дайындалғанымызды іс жүзінде көресіздер. Сын болса, сол кезде айтасыздар», – деді Шыңғыс Әрінов.
БАҚ өкілі осылайша өзекті мәселенің шетін қозғаған еді. Алайда арада бірер ай өтер-өтпес уақытта жауапты министрліктің көктемгі су тасқынына қаншалықты дайын екені белгілі болды. Су тасқынына байланысты биыл Қазақстанда мыңдаған үйді су басып, мыңдаған жануар өлді. Еліміздің солтүстік және батыс облыстарында шамамен 120 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Президент айтқандай, соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны болды.
Қазақстанға қай елдер гуманитарлық көмек жіберді?
Сербия үкіметі Қазақстанға су тасқынынан зардап шеккендер үшін жаңа баспана салуға көмек ретінде 1 млн еуро, яғни шамамен 475 млн теңге жіберді. Қаражат «Қазақстан халқына» қорының шотына аударылған.
Сербия үкіметінің мәлімдеуінше, бұл шешім – екі елдің ұзақ жылғы достық пен серістестіктігінің символы. 6 мамыр күні екі ел президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич телефон арқылы сөйлесіп, екі жақты ынтымақтастықты жандандыру мен қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға уағдаласқан еді.
Айта кету керек, Қазақстан 2014 жылы Сербияда болған алапат су тасқынын байланысты шатыр, дәрі-дәрмек, ең қажетті заттарды жіберіп, гуманитарлық көмек көрсеткен болатын.
Бұдан бөлек, Қазақстандағы су тасқынына байланысты Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия сынды бірқатар алыс-жақын шет елдерден гуманитарлық көмек жіберілді.