«Сот 2023 жылы кәсіпкер әйелдің 50 баланы балалар лагері деп жекеменшік мектебіне, 300 баланы фитнес орталығы бар монша кешеніне орналастырғанын анықтады»
Бизнес өкілдері мен сала мамандарын қатыстыра отырып, Қазақстандағы балалар демалысын дамыту жөніндегі келелі іс-шаралар жоспарын әзірлеген жөн. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
«Мемлекет басшысы еліміздегі әр баланың құқықтарының сақталуы мен қорғалуының кепілі. Бұған дәлел Президенттің тікелей пәрменімен балалардың қауіпсіздігін сақтау бойынша маңызды заң қабылданды. Енді балаларға байланысты әрбір мәселе мемлекеттік деңгейде бақылауда болатыны хақ. Дегенмен еліміздегі кейбір келеңсіздіктер осыған кері жасалып жатқандай әсерін қалдырады. Соның бір көрінісі – балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы олқылықтар. Мысалы, былтыр Алматы облысының Ұзынағаш ауданында балалар лагерін саунада ұйымдастырған. Ол қоғамда үлкен шу туғызды. Осы мәселе бойынша сот жуырда ғана аяқталды. Кінәлілер сотталды. Сот 2023 жылы кәсіпкер әйелдің 50 баланы балалар лагері деп жекеменшік мектебіне, 300 баланы фитнес орталығы бар монша кешеніне орналастырғанын анықтады. Басқа бас балаға қатысты мұндай теріс қадамға бару нағыз бассыздық. Ақша үшін ардан аттау деп есептейміз», – деді Елнұр Бейсенбаев.
Оның айтуынша, Бас прокуратура 2023 жылы тамызда Алматы облысында уәкілетті органының рұқсатынсыз жұмыс істеген 8 балалар лагерін анықтады. Ондағы жағдай сын көтермейді. Санитариялық-эпиедмиологиялық және өрт нормалары мүлдем сақталмаған. Спорт және ойын алаңдары да қауіпсіздік талаптарына сай емес. Сонымен қатар мәжілісмен осыған қатысты басқа да бірқатар мысал келтірді.
«Тағы бір мәселе еліміздегі балалар лагерлерінің көпшілігі Кеіес кезінде салынғандықтан, тозығы жетіп тұр. Сондықтан салынуы оңай, шығынды аз талап ететін киіз үйлер, шатырлар түріндегі лагерлерді ұйымдастырып, олардың стандарттарын енгізу қажет. Сондай-ақ елімізде педагогтерді дайындайтын оқу орындары көп болғанмен, лагер жетекшілерін дайындау әлі де жолға қойылмаған. Қорыта келе, Қазақстандағы балалар демалысының жоғарыдағадай келеңсіздіктерін алдын алу үшін тез арада келесі шараларды қолға алуды ұсынамыз. Су басқан өңірлердегі балалардың жазғы демалысын арнайы лагерлерде ұйымдастыру керек. Жазғы балалар сауытыру демалыс лагерлеріне салалық мамандарды қамтамасыз етілуі тиіс. Мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өткізу кезінде ерекшеліктері бар балаларға инклюзивтік білім беру талаптарының орындалуы көзделуі керек. Бизнес өкілдері мен сала мамандарын қатыстыра отырып, Қазақстандағы балалар демалысын дамыту жөніндегі келелі іс-шаралар жоспарын әзірлеген жөн», - деді депутат.