Биылғы жаз әдеттен тыс ыстық болып, өрт қаупі күшейеді – Экология министрі

Ол елімізде болған ірі өрттердің негізгі себептері туралы айтты

Sarbaz.kz редакторы
14/05/2024 - 17:17

Фото: Euronews

Фото: Euronews

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында биыл жаз айлары әдеттен тыс ыстық болуы мүмкін екені, тиісінше өрт қаупі күшейе түсетінін айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Министрдің айтуынша, елімізде болған ірі өрттердің негізгі себептері дала өрттерінің орманға өтуінен туындаған. Аудан әкімдіктері тарапынан дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша атқарылып жатқан шаралар жеткіліксіз. Орман шаруашылығы мекемелері жоспарланбаған шығынға ұшырай отырып, дала өрттерін сөндіруге қатысуға мәжбүр.

«Қазгидрометтің» ақпараты бойынша биылғы жаздың әдеттен тыс ыстық болатыны болжанып отыр. Осыған байланысты облыстар әкімдіктері ормандарда өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша барлық шараларды қабылдауы қажет.

«Министрлік өз кезегінде мемлекеттік орман қоры аумағында ірі орман өрттерінің алдын алу үшін барлық қажетті шаралар қабылдауда», – деді Ерлан Нысанбаев.

Бүгінде орман күзетінің жеке құрамы санының жетіспеушілігі де өзекті мәселе. Орман орналастыру материалдарына сәйкес орман күзетінің жеке құрамдарының саны Ақмола облысында – 504 бірлікке және Шығыс Қазақстан облысында – 833 бірлікке тапшы. Бұл жағдай ормандарды өрттен қорғауға да кері әсерін тигізіп келеді.

Өрттерді сөндіру үшін орман шаруашылықтарының балансында 275 өрт сөндіру автокөлігі бар, бұл қолданыстағы тиісті норманың шамамен 111%-ын құрайды. Алайда оның 198 өрт сөндіру автокөлігі немесе 72%-ы есептен шығарылатын техникаға жатады. Тексеру қорытындылары бойынша елімізде 158 дана жүрмейтін техника бары анықталды. Бүгінгі таңда орман иеленушілер 121 бірлік техниканы жөндеп қатарға қосты, қалғандары жөнделіп жатыр.

Сондай-ақ, өткен жылы орман өрт сөндіру стансаларының қызметкерлері мен десантшы-өрт сөндірушілерінің жалақысы көтерілмеген. Осыған байланысты республика бюджетінен қосымша 2,3 млрд теңге қажет.

«Министрлік аталған мәселені шешу мақсатында Үкімет қаулысына тиісті түзетулер әзірледі. Жоба мемлекеттік органдармен келісілді және келесі республикалық бюджеттік комиссияның қарауына ұсынылады. Биылғы жағдайға тоқталар болсақ. Қазірдің өзінде жалпы ауданы 12 мың гектарға жуық 30 орман өрті тіркелді. Атырау облысының орман мекемелерінің ормансыз жерлерінде 10 мың гектардан астам ауқымды өрттер тіркелді. Осы орайда Атырау облысы әкімдігінің төрт орман мекемесінде өрт сөндіру автокөліктерінің жоқ екенін атап өткім келеді», – деді министр.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91