Жауынгерлер мемлекеттік маңызы бар нысандарды бүркемеледі
Қазақстан Қарулы Күштерінің радицациялық биологиялық барлау бөлімдері «Шығыс» түраралық полигонында өзара тәжірибе алмасты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға екі жүзден аса әскери қызметші қатысты. Жауынгерлер арнайы сабақтар негізінде әскерлердің жүру жолын радиациялық биологиялық барлау және залалды нысаннан келген әскери техника мен жеке құрамды санитарлық және арнайы өңдеу жаттығуларын пысықтады. Сондай-ақ мемлекеттік маңызы бар нысандарды бүркемеледі.
Тәжірибелік сабақта «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 11098 әскери бөлімі ерекше көзге түсіп, әрбір жаттығуды бұлжытпай орындау барысында шапшаң қимылдап, жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейін көрсетті.
Жиында сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы мен Төтенше жағдайлар министрлігінің радиациялық химиялық және биологиялық қорғаныс бөлімшелері де болды.
«Полигондық тәжірибе алмасудың негізгі мақсаты – далалық машықтану деңгейін қалыптастыру және жеке дағдыларды жетілдіру. Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғауды ұйымдастырудағы теориялық білімнің далалық жағдайда тигізер септігі зор», - деді «Шығыс» өңірлік әскерлері қолбасшылығының 11098 әскери бөлімінің рота командирі, аға лейтенант Сұлтанбек Сәуленов.