Ресейде қорғаныс министрлігінің лауазымды қызметкері 1 млн доллардан астам пара алды

Генерал-лейтенант Юрий Кузнецов ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінді

Нұрдәулет Кәкіш
14/05/2024 - 14:05

Фото: Владимир Астапкович/РИА Новости

Фото: Владимир Астапкович/РИА Новости

Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Кадрлар бас басқармасының бастығы, генерал-лейтенант Юрий Кузнецов ауыр қылмыс жасады деген күдікпен дүйсенбі, 13 мамыр күні қамауға алынды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін Кузнецовты ұстау туралы Ресейдің билікке жақтас Telegram арналары хабарлаған болатын. Сонымен «ВЧК-ОГПУ» арнасы Юрий Кузнецовты жатын бөлмесінде жатқан жерінен ұстап әкеткенін мәлімдеді. Телеграм арна қауіпсіздік күштерінің ұстау кезінде қатал әрекет еткенін хабардар етті. Кейінірек Юрий Кузнецовтың толық аты-жөні бойынша іс картасы Мәскеудегі 235-гарнизондық әскери соттың сайтында қол жетімді болды. Бұған «Baza» Telegram арнасы назар аударды.

СК РФ мәліметі бойынша тінту кезінде Кузнецовтан 100 миллион рубльден астам сома және шетел валютасы, алтын монеталар, коллекциялық сағаттар мен сәнді заттар табылып, тәркіленді.

Күдіктінің нақты не үшін айыпталып жатқаны туралы сот сайтындағы жарияланымда дөп басып айтылмаған. Бірақ бұлтартпау шарасы бойынша отырыстың сол күні өткені белгілі болды. Алайда соттың күдіктіге қандай бұлтартпау шарасын тағайындағаны да белгісіз. ТАСС мәліметтері бойынша Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің Бас әскери тергеу басқармасы Кузнецовтың ісін тергеумен айналысады. Ал тергеуші күдіктіні қамауға алуды сұраған.

Юрий Кузнецов кім?

Генерал-лейтенант Юрий Кузнецов 55 жаста, 2023 жылдың мамырында Владимир Путиннің жарлығымен ол Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінің Бас кадры болып тағайындалды. Бұған дейін Ресей Федерациясының Қарулы Күштерінің мемлекеттік құпиясын қорғау қызметінің орталық органы болып саналатын Ресей Федерациясының Қарулы Күштері Бас штабының сегізінші басқармасын басқарған. «Рыбарь» Telegram арнасының мәліметінше, тергеу органдарының Кузнецовқа шүйлігуінің «Кадрлық істерге» қатысы жоқ, оның бұрынғы жұмыстарына байланысты.

Жаңа қорғаныс министрін тағайындау

12 мамыр күні Ресейдің жаңа Үкіметінде Сергей Шойгудың орнына Қорғаныс министрі лауазымына Владимир Путин Үкімет төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Андрей Белоусовты тағайындауды ұсынғаны белгілі болды. Сонымен бірге Шойгу Путиннің жарлығымен Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болып тағайындалды.

Бұрынғы қорғаныс вице-министрінің қамауға алынуы

Бұған дейін, 24 сәуірде Мәскеудегі Басман соты аса ірі мөлшерде пара алды деп айыпталған Ресей Федерациясы Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Ивановты 23 маусымға дейін тергеу изоляторына жіберді. Сол күні Иванов қызметінен босатылды. Бір күннен кейін сот Иванов пен оның туыстарының мүлкін, активтерін және банктік шоттарын бұғаттады. Ивановпен бірге оның болжамды сыбайласы Сергей Бородин, сондай-ақ «Олимпситистрой» компаниясының негізін қалаушы Александр Фомин де қамауға алынды.

×

Редакция

$ 443.16  480.39  4.94