Ақ үй арнайы хабарлама таратты
АҚШ президенті Джо Байден Ресейден уран импортына тыйым салатын заңға қол қойды, деп мәлімдеді Ақ үй. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«2024 жылдың 13 мамырында Президент Ресей Федерациясында немесе ресейлік ұйым шығарған радиацияланбаған төмен байытылған уранды әкелуге тыйым салатын «Ресей уранының импортына тыйым салатын заңға» қол қойды», - делінген хабарламада.
Байденнің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан бұл шешім «азаматтық ядролық энергия бойынша Ресейге тәуелділікті азайту және түпкілікті жою» арқылы АҚШ-тың энергетикалық және экономикалық қауіпсіздігін нығайтуға көмектесетінін айтты.
«Бұл заң Американың ядролық сектордағы көшбасшылығын қалпына келтіреді. Бұл біздің энергетикалық секторымыздың болашақ ұрпақ үшін қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Конгресс жақында Президенттің өтініші бойынша бөлген бұрын-соңды болмаған 2,72 миллиард долларлық федералды қаржыландырудың арқасында ол АҚШ-та жаңа байыту қуатын іске қосуға мүмкіндік береді және өнеркәсіпке біздің ядролық секторымыздың ұзақ мерзімді өсуіне дайын екенімізді көрсетеді», - деді Салливан.