Путин инауграциядан кейін айналасын өзгертуге кірісті – Euronews

12 жыл қорғаныс министрі болған Сергей Шойгу қызметінен кетті

Sarbaz.kz редакторы
14/05/2024 - 09:52

Фото: ankasam.org

Фото: ankasam.org

Ресей президенті Владимир Путин 9 мамыр күні инауграция рәсімі өткеннен кейін айналасындағы лауазымды қызметкерлерді ауыстыруға кірісті. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Федерация кеңесі кешелі бері жаңа үкіметке президент Владимир Путин ұсынған кандидаттарды талқылап жатыр.

Владимир Путин 12 жыл қорғаныс министрі болған Сергей Шойгуды қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындаған. Ал Николай Патрушев «басқа жұмысқа ауысуына байланысты» жоғарыда аталған қызметтен босатылды. Бірақ оның қай жұмысқа ауысқаны нақты көрсетілмеген.

Путин қорғаныс ведомствосының жаңа басшысы етіп бұрынғы бірінші вице-премьер, экономист Андрей Белоусовты тағайындауды ұсынды.

Кремль «Қорғаныс министрлігі инновацияларға және экономикалық бәсекеге қабілеттілік үшін жағдай жасауға мүлдем ашық болуы керек» деп мәлімдеген.

«Соғысты басқаратын үкіметтің төрт жоғары лауазымды тұлғасының екеуі – Шойгу мен Патрушев қызметтерін кетіп жатыр. Бұл бір уақытта, алдын ала ескертусіз, Украинаның солтүстігінде қарсы шабуыл жүріп жатқан кезде болды. Бұл шынымен де күтпеген және таңқаларлық жағдай, бірақ оның ары қарай қалай өрбитінін алдағы бірнеше күнде көреміз», - дейді бұрынғы британиялық барлау офицері Кристофер Стил.

Федерация кеңесінде сөйлеген сөзінде қорғаныс министрі қызметіне кандидат Андрей Белоусов Украинаға қарсы соғысқа қатысушылардың медициналық мәселесін шешу қажеттігін мәлімдеді.

65 жастағы Белоусов 2020 жылдың қаңтарында премьер-министрдің бірінші орынбасары болған. Ол бұған дейін премьер-министр кеңсесінің қаржы-экономикалық бөлімінде және экономикалық даму министрлігінде басшылық қызметтерді атқарған. Ал 2013 жылы ол Путиннің кеңесшісі болып қызмет еткен.

Дүйсенбіде Мемлекеттік Дума депутаттары премьер-министрдің орынбасарлығына кандидаттарды мақұлдады.

Индустрия және сауда министрі Денис Мантуров премьер-министрдің бірінші орынбасары болды. Мемлекеттік Думада сөйлеген сөзінде ол Ресейде әскери өнім шығарумен 850-ге жуық азаматтық кәсіпорын айналысатынын айтты.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91