Осыған дейін әскери салаға қатысы бар адамдарға ғана қызмет етіп келген
Егер бұрын әскери госпитальдар қорғаныс ведомствосына қатысы бар адамдарға ғана қызмет көрсетсе, енді әскери дәрігерлердің қызметіне халық та жүгіне алады. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Министрлік мәліметінше, әскери медицинаның азаматтық денсаулық сақтау секторымен алғашқы байланысы COVID-19 пандемиясы кезінде болды. Ел үшін қиын кезеңде Қорғаныс министрлігі қарамағындағы медициналық мекемелерін қайта жабдықтап, модульдік инфекциялық стационарлар ашты.
Әскери дәрігерлер азаматтардың денсаулығын емдеуге және қалпына келтіруге айтарлықтай көмек көрсетті. Пациенттердің пікірінше, әскери дәрігерлердің жұмыс стилі диагностикалау, емдеу және қажетті процедураларды орындау мәселелеріне жедел, нақты және мұқият атқарылуымен ерекшеленген.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңының нормаларына сәйкес әскери медициналық мекемелерге сарбаздар, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері, шекті жасқа толғаннан кейін және денсаулық жағдайы бойынша запасқа шығарылған адамдар, Қарулы күштердің қызметкерлері және басқа да азаматтар жүгінеді.
«Ақылы қызметтер қағидаларын басшылыққа ала отырып, әскери-медициналық мекемелер тегін көрсетілетін кепілді медициналық көмек деңгейінің тізбесі шегінде МӘМС жүйесі негізінде көрсетеді.
Осы мақсатта әскери госпитальдар мен емханалар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалдарымен шарттар жасасты. Жасалған шарттар шеңберінде әскери мамандар госпитальдарда, лазареттерде стационарлық көмек және әскери емханалар мен бөлімшелерде консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсетеді.
Азаматтар медициналық ұйымды еркін таңдау құқығын ескере отырып, әскери-медициналық мекемелердің қызметтерін пайдалана алады. Жоспарлы стационарлық емдеуге тіркелген жері бойынша емханаға жүгіну арқылы түсуге болады, ол қызметті «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы ресімдейді.
Әскери зейнеткерлерге медициналық көмек көрсету тетігі заң жүзінде жеңілдетілгенін айта кеткен жөн. Медициналық көрсеткіштеріне қарай оларды әскери медициналық мекемелерге жатқызу алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымы маманының жолдамасынсыз жүзеге асырылады. Әскери емханада амбулаториялық жағдайда емдеуді тіркелген жері бойынша емханаға бармай-ақ терапевт дәрігердің немесе әскери-медициналық бөлімшенің жалпы практика дәрігерінің жолдамасы бойынша алуға болады», - делінген хабарламада.
Мамандардың біліктілігі және республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарындағы заманауи емдеу-диагностикалық жабдықтар азаматтарға барынша мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Көрсетілген ақылы медициналық қызмет түрлері үшін қордан алынған қаражат әскери медициналық мекемелердің қажеттіліктері мен дамуына жұмсалады.