Ол өзінің ядролық бағдарламасына жүздеген миллион доллар құйып жатыр
Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынның ядролық қаруды сынап жатқаны туралы ақпараттар жиілеп барады. Осылайша, 18 наурызда оқу-жаттығу кезінде Солтүстік Корея әскерлері теңіз үстінен ядролық оқтұмсық тасымалдауға қабілетті баллистикалық зымыранды ұшырды. Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Ким Чен Ынның Америка Құрама Штаттарымен ядролық келіссөздер жүргізгісі келетінін және осы мақсатқа жету үшін аймақтық қақтығысты бастауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Бұдан былай тікелей ядролық қауіп бірінші кезекте АҚШ-қа, ал екінші кезекте оның одақтастарына қарсы бағытталады», - дейді Оңтүстік Кореяның барлау агенттіктері.
Басылым мәліметінше, ядролық қаруды дамытуда серпіліске жету үшін Ким Чен Ын өзінің ядролық бағдарламасына жүздеген миллион доллар құйып жатыр. Сонымен қатар, ол Пхеньянның солтүстігінде ядролық бағдарламамен айналысатын ғалымдар мен әскери қызметкерлерге арнап спутниктік қала салды.
«Жолдас бас хатшы ғалымдарға керемет үй салып берді. Ғалымдар мен инженерлер социалистік өркениеттен толық ләззат ала алады», - дейді Солтүстік Кореяның насихаты.
Дегенмен «ядролық элита» атанғандарға қатаң күзет қойылып, жаңа қаладан шығуына рұқсат берілмейді. Оның ішінде спорт алаңдары, бассейндер, мәдени орталықтар бар. Қаладан шығу үшін әрбір тұрғын құзырлы орындардан арнайы рұқсат алуы керек.