Грузия парламентінің заң комитеті «шетел агенттері» туралы заңды үшінші оқылымда қолдады

Сейсенбі күні парламентте үшінші оқылым бойынша дауыс беру өтеді деп күтіліп отыр

Sarbaz.kz редакторы
13/05/2024 - 12:28

Фото: Euronews

Фото: Euronews

Грузия парламентінің заң комитеті «шетел агенттері» туралы заңды 67 секундта үшінші оқылымда қарап, қолдады. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Агенттік мәліметінше, сейсенбі күні парламентте үшінші оқылым бойынша дауыс беру өтеді деп күтіліп отыр.

Айта кетейік, 11 мамырда Тбилисиде өткен «Еуропа маршына» ондаған мың адам қатысты, Грузияның Еуроодақтағы болашағын қолдау және «Ресей заңының», яғни «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң жобасын қабылдауға қарсы шеру өтті. Наразылық акциясы заң жобасына қарсылық білдіргендерге жасалған шабуылдардан, сондай-ақ оларға бағытталған қоқан-лоққылардан кейін басталды.

Шеруге қатысушылар сенбі күні Тбилиси орталығындағы бірнеше орынға жиналып, қаланың ескі бөлігіндегі Еуропа алаңына қарай бет алды. Олардың арасында түрлі қызмет салаларының өкілдері және Грузияның әртүрлі аймақтарының тұрғындары бар. Грузияда бір айға жуық уақыттан бері жалғасып жатқан наразылық акциясына қатысушылардың арасында жастар көп.

Еуропа алаңына бара жатқан жолда наразылық білдірушілер биліктегі «Грузин арманы» партиясының орталық кеңсесінің жанынан өтті. Кеңсеге апаратын көшені полиция қоршап тұрды. Қатысушылардың кейбірі қасынан өтіп бара жатып: «Құлдар!» деп ұранды.

Кейбір полицейлер медициналық маска таққан. Наразылық акциясы басталғалы тәртіп сақшылары митингке беттерін жауып келетін болды. Ал грузиялық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде полицияның наразылық білдірушілерге қарсы күш қолданғаны түсірілген видеолар жарияланып жатыр.

Наразылық білдірушілер бұл заң жобасын Грузияның сөз бостандығы мен азаматтық секторына ғана емес, сонымен бірге елдің Еуроодақтағы болашақ мүшелігіне өтуіне де қауіп тудырады деп санайды. Сауалнамаларға сәйкес, ЕО-ға мүше болу ниетін азаматтардың басым көпшілігі қолдайды.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85