Ол 2012 жылдың 6 қарашасынан бері қорғаныс министрі қызметін атқарып келген
Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу қызметінен босатылды. Ел президенті Владимир Путин Шойгуды Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы етіп тағайындады. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ал осыған дейін қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған Николай Патрушев «басқа жұмысқа ауысуына байланысты» жоғарыда аталған қызметтен босатылды.
Осыған дейін 2012 жылдың 6 қарашасынан бері Ресей Федерациясының қорғаныс министрі болған Шойгу қызметінен кететіні белгілі болған. Путин бұрынғы бірінші вице-премьер Андрей Белоусовты қорғаныс ведомствосының жаңа басшысы етіп тағайындауды ұсынды.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путиннің Украинада жалғасып жатқан соғыс аясында қорғаныс министрлігі басшысын ауыстыру туралы шешіміне түсініктеме берді.
«Қорғаныс министрлігі жаңашылдыққа, барлық озық идеяларды енгізуге, экономикалық бәсекеге қабілеттілік үшін жағдай жасауға толықтай ашық болуы керек. Осы себепті президент Андрей Ремович Белоусовтың кандидатурасына тоқталды», - деді Дмитрий Песков.
Кремльдің ресми өкілі сонымен бірге Белоусовтың тағайындалуы «әскери құрамда» «қазіргі координаттар жүйесін ешбір жағдайда өзгертпейді» деп қосты.
Белоусовты тағайындау мәселесі 13-14 мамырда өтетін Федерация кеңесінің отырысында талқыланады.