Оларға қару-жарақ үлгілері, жаяу әскердің броньды машинасынан оқ ату көрсетілді
Алматыда Қорғаныс министрлігінің жұмыспен қамтылмаған жастарды оқыту жөнінде пилоттық жобасы іске асырылуда, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Іле» полигонында алғашқы әскери дайындық курсынан өткен 30 жасты оқытудың бірінші кезеңі аяқталды. Оқушылар атыс, тактикалық және саптық дайындық элементтерін зерделеді. Практикалық оқу атыстарында Десанттық-шабуылдау әскерлері 61993 әскери бөлімінің әскери қызметшілері оларға қару-жарақ үлгілерін, сондай-ақ жаяу әскердің броньды машинасынан оқ атуды көрсетті.
«Бастапқы әскери дайындық курсын аяқтағаннан кейін білім алушылар газ-электр дәнекерлеушінің негізгі техникалық мамандығын игеруге кіріседі. Бұл мамандық әрдайым сұранысқа ие», – деді әскери-техникалық мектептің Алматы филиалы директорының орынбасары запастағы полковник Амантай Өсербаев.
Азаматтардың осы санатымен қорғаныс ведомствосы жобаны алғаш рет іске асыруда. Іс-шаралар Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының және «Алматы Студенттер альянсы» корпоративтік қорының қолдауымен өткізіледі. Пилоттық жоба жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жөніндегі іс-шаралар кешенін, сондай-ақ кәсіби даярлық курсын қамтиды.
«Әскери істі үйреніп, техникалық мамандық алуға мүмкіндігім болғанына қуаныштымын. Алдағы уақытта күштік құрылымдарда жұмыс істеуді жоспарлап отырмын», – деді білім алушы Самат Ермағанбетов.
Бағдарлама Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебінің Алматы филиалында 73652 әскери бөлімімен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырылмақ.