Париж бен Бейжің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 60 жыл болды
Си Цзиньпиннің Францияға мемлекеттік сапарының бірінші күнгі келіссөзінде Қытай басшысы Украинадағы «дағдарысты шешу» үшін француз әріптесімен жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Украинадағы соғыс және Қытай мен Еуропа Одағы арасындағы сауда шиеленісі Эммануэль Макрон мен Си Цзиньпин арасындағы келіссөздердің бас тақырыбының бірі болып тұр.
Ресми түрде мемлекеттік сапар Париж бен Бейжің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 60 жылдығына орайластырылған.
Дүйсенбі күні Елисей сарайында екі ел басшыларының кездесуіне Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Лейен де шақырылды.
Келіссөздердің алдында сөйлеген сөзінде Макрон Еуропа Одағы мен Қытай арасындағы саудада әділ ережеге шақырды және Украина мен Таяу Шығысқа қатысты Бейжіңмен үйлесе жұмыс істеу өте маңызды деді.
Талқылау басталар алдында Си Цзиньпин Париждегі кездесу Еуропамен жұмыс істеуде ынта-жігерді күшейтеді деген үмітін білдірді. Қытай басшысы сондай-ақ «стратегиялық тұрғыдан Бейжің Еуропамен қарым-қатынасқа қашанда үлкен мән береді» деп сендірді.
Урсула фон дер Лейен Қытай мен ЕО-ның «бейбітшілік пен қауіпсіздікке» қатысты «ортақ мүдделері» туралы айтып, Брюссельдің «Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысын тоқтатуға, әділ және тұрақты бейбітшілік орнатуға» мүдделі екенін атап өтті.
Үшжақты кездесуден кейін мүгедектер үйінде салтанатты шара өтеді. Макрон мен Си арасындағы келіссөздер одан кейін Елисей сарайында жалғасады.