Су деңгейі шамамен соңғы 150 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті
Бразилияның оңтүстік бөлігінде соңғы бірнеше күнде қатты жаңбыр жауып, салдарынан аймақта орналасқан қалалар лас суға батып жатыр. Ел билігі ресми түрде кем дегенде 58 адам қайтыс болды, ал 67 адам із-түзсіз жоғалып кетті деп мәлімдеді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бразилияның Рио-Гранде-ду-Сул штатының губернаторы Эдуардо Лейте су тасқынын аймақ тарихындағы «ең алапат апат» деп атады. Бес мыңға жуық үй су астында қалды, көптеген көпір қатты зақымданды.
Бразилияның геологиялық қызметінің мәліметінше, қазір су деңгейі 1941 жылы Бразилияның оңтүстігінде болған тарихи су тасқынының деңгейінен асып түсті. Кейбір қалаларда су деңгейі шамамен соңғы 150 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті.
«Өкінішке қарай, біз тарихи апаттың куәсі болып отырмыз. Материалдық шығын орасан зор, бірақ біздің басты міндетіміз – адамдарды құтқару», - деді Лейте Бразилия президенті Луис Инасио Лула да Силвамен кездесуінде.
Рио-Гранде-ду-Сул штатында 100-ден астам елді мекен зардап шеккені атап өтілді, оның ішінде ел астанасы Порту-Алегри де бар.