Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 148 ардагері тұрады

ҰОС кезінде майданға 1 млн 200 мыңнан астам қазақстандық аттанған

Sarbaz.kz редакторы
06/05/2024 - 12:59

Фото: Хабар 24

Фото: Хабар 24

Еліміздің барлық өңірлерінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 79 жылдығын мерекелеу құрметіне ҰОС ардагерлеріне кемінде 1,5 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Жалпы алғанда, 50,1 мың адамға (ҰОС ардагерлеріне және Жеңіске үлес қосқан адамдарға) жергілікті атқарушы органдармен 3 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы Sarbaz.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Министрлік таратқан хабарламада биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Ұлы Отан соғысының (бұдан әрі – ҰОС) 148 ардагері тұрады, оның ішінде 108 қатысушысы және ҰОС кезеңінде алған жаралануы, контузиясы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар 40 адам, сондай-ақ, республикада ҰОС жеңісіне үлес қосқан 50 012 басқа азамат бар екені айтылған. Олардың ішінде: Қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 70 адам; концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 149 адам; ҰОС кезеңінде алған жаралануы, контузиясы, зақымдануы немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамның жұбайлары – 2 314 адам; ҰОС-да қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері – 2 адам; тыл еңбеккерлері – 47 477 адам.

«ҰОС кезінде майданға 1 млн 200 мыңнан астам қазақстандық шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар құрылды. Әскери қызметі үшін жүздеген мың қазақстандық медальдармен және ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Төрт қазақстандық екі рет батыр атанды, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіс үшін өз өмірін қиды – олар шайқаста қаза тауып, жаралар мен аурулардан қайтыс болып, хабар-ошарсыз кетті. Тұтқыннан 630 мың адам оралмады.

Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық жасау, олардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Қарттарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де жүзеге асырылады.

Ардагерлерге зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын артып келеді. Азаматтардың 19 санатына (соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ре азаматтар және т.б.) өзге де әлеуметтік төлемдерге қарамастан арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу жүзеге асырылады», – делінген хабарламада.

2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақыны ескере отырып ай сайын алынатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері:

  • ҰОС қатысушылары үшін – 239 844 теңге (108 адам);
  • ҰОС кезеңінде жарақат алу, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдар үшін – 250 125 теңге (40 адам);
  • басқа мемлекеттердің (Ауғанстан, Вьетнам, Алжир, Мысыр, Ирак және т.б.) аумағындағы әскери іс-қимылдарының ардагерлері үшін – 217 348 теңге (26 149 адам);
  • жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдар үшін – 196 861 теңге (3 477 адам);
  • ҰОС кезеңінде жарақат алу, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар үшін – 151 548 теңге (14 043 адам);
  • ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері үшін – 161 432 теңге (47 477 адам).
×

Редакция

$ 495.2  522.34  4.94