БҰҰ: Газада жүз мыңдаған палестиналыққа өлім қаупі төніп тұр

Қазір миллионнан астам адам Рафахта уақытша бассауғалап жүр

Sarbaz.kz редакторы
04/05/2024 - 09:52

Фото: Euronews

Фото: Euronews

Израиль армиясы Рафахта құрлық операциясын бастаса, жүз мыңдаған палестиналыққа өлім қаупі төнеді, деп дабыл қақты БҰҰ-ның гуманитарлық істерді үйлестіру басқармасы. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Бұл бейбіт тұрғындардың өліміне әкелуі және бүкіл сектордағы гуманитарлық жұмыстарға үлкен соққы болуы мүмкін. Себебі бұл негізінен Рафахта жүзеге асырылады», – деді БҰҰ өкілі Йенс Лерке.

Газа секторының оңтүстігіндегі дәл осы қала Палестина анклавына гуманитарлық көмек жеткізудің маңызды нүктесі болды. IDF операциясына байланысты солтүстік аймақтарды тастап кетуге мәжбүр болған миллионнан астам адам Рафахта уақытша бассауғалап жүр. Бұл Газа халқының жартысы.

Бірер күн бұрын Пентагон басшысы Ллойд Остин Рафахтағы қазіргі жағдай «ешқандай операцияға қолайлы емес» деп мәлімдеді. Ол сондай-ақ Тель-Авивтің қалада бейбіт тұрғындардың барын ескеруі тиіс екенін және ұрыс басталғанға дейін оларды эвакуациялау керек екенін атап өтті.

Бұған дейін Израиль армиясы өз әскерінің Газа секторындағы 24 ХАМАС батальонының 20-сын жойғанын хабарлаған. Тель-Авив қалған бөлігі Рафахты паналағанын және оларды жеңудің жалғыз жолы жердегі операция екенін мәлімдеді.

Ал Түркия жұма күні Израильмен барлық сауда қатынастарын Газадағы соғыс аяқталғанға дейін тоқтататынын мәлімдеді. Түркияның сауда министрі Омер Болаттың айтуынша, бұл шешім анклавтағы гуманитарлық жағдайдың нашарлауына және Тель-Авивтің «ымырасыз ұстанымына» байланысты.

Ал бейсенбі күні Колумбия Израильмен дипломатиялық қарым-қатынасын үзетінін мәлімдеді. Ел президенті Густаво Петро Израиль армиясының Газадағы әрекеттерін «геноцид» деп атады.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91