Ресей Орталық Азия елдері азаматтарының елге кіруін қиындатты

Мәскеуде болған терактіден кейін Тәжікстан азаматтары құқық қорғау органдарының жіті назарында

Sarbaz.kz редакторы
03/05/2024 - 14:58

Sputnik / Рамиль Ситдиков

Sputnik / Рамиль Ситдиков

Орталық Азия елдері азаматтарының Ресейге кіруіне қатысты мәселелер өткен аптада басталды. Құқық қорғаушы Валентина Чупик 24 сәуірден бері Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан тұрғындарының Ресей әуежайларында тоқтатылып, шекарадан өткізілмей жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі TRTrussian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«1 мамыр күні Ресей әуежайларына 4500-ге жуық адам жиналды және осыншама адам жердегі бақылау-өткізу бекеттеріне жіберілген жоқ», - деді Валентина Чупик.

Ресейге кіргізілмеген Орталық Азия азаматтарының шамамен төрттен бірі – Тәжікстан азаматтары, дәл сондай мөлшерде – Қырғызстан тұрғындары және жартысына жуығы – Өзбекстан азаматтары. Әсіресе, ресейлік шекарашылар сақал-мұрты бар еркектер жабық киім киген әйелдерді жиі өткізбей жатады, дейді құқық қорғаушылар.

«Ұсталғандардың көпшілігі бір-екі күн ішінде кері қайтарылады, бірақ кейбір жағдайларда бір аптаға созылуы мүмкін. Олар тамақ бермейді, су бермейді, әжетханаға кіргізбейді, телефондарын алып қояды, ешнәрсе түсіндірілмейді деп шағымданады», – дейді құқық қорғаушы.

Валентина Чупик Орталық Азия елдері тұрғындарының Ресейден қуылуы тарихтағы ең үлкен оқиға екенін атап өтті. Ресей аумағына кіруге тіпті бұрын жұмыс істегендерге де тыйым салынған.

28 сәуірде Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі азаматтарға жақын арада Ресейге бармауға кеңес берді. Ертеңінде Тәжікстандағы Ресей елшісіне Ресей билігінің тәжікстандықтарға деген теріс көзқарасына байланысты наразылық нотасын табыс етті.

Айта кетейік, Мәскеуде Crocus City Hall концерт залында болған терактіден кейін Орталық Азия елдерінің, әсіресе Тәжікстанның азаматтары Ресей құқық қорғау органдарының жіті назарында болды.

Тегтер

×

Редакция

$ 472.57  508.34  5.4