Түркия өткен айда бірнеше тауар түрін Израильге экспорттауға тыйым салған
Түркия Газадағы соғысқа байланысты Израильмен сауда қарым-қатынасын тоқтатып, импорт пен экспортқа тыйым салды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Түркия Газаға гуманитарлық көмектің үздіксіз және жеткілікті ағынын қамтамасыз етпейінше, Израильмен барлық сауда-саттықты тоқтататынын растады. Bloomberg бұл туралы аты-жөні аталмаған екі шенеунікке сілтеме жасады.
Түркия өткен айда бірнеше тауар түрін Израильге экспорттауға тыйым салған. Сауда министрлігінің мәліметінше, Палестинада гуманитарлық трагедияның нашарлауына байланысты осындай шешім қабылданып отыр.
Сонымен қатар, министрлік бұл шешім палестиналықтардың өміріне қатты әсер етпес үшін Палестина ұлттық әкімшілігінің экономика министрлігімен байланыс орнатылатынын мәлімдеді.
Екі ел арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 6,8 млрд долларды құраған.
Айта кетейік, осыған дейін Ыстамбұлдағы митингте президент Режеп Тайып Ердоған Түркия тәуелсіз Палестинаны құруға күш салатынын айтқан болатын.