462 көлікті заңсыз тіркеген: ХҚО мен полиция қызметкерлері бірнеше жылға сотталды

Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 1,2 млрд теңгені құрайды

Sarbaz.kz редакторы
03/05/2024 - 09:39

Фото: Telegram / ANTIKOR / видеодан скриншот

Фото: Telegram / ANTIKOR / видеодан скриншот

Мемлекетке 1,2 млрд теңге көлемінде залал келтірген арнайы ХҚО-ларда ұйымдасқан қылмыстық топ сотталды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Антикор мәліметінше, осы жылдың 25 сәуірінде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты заңнамада көзделген алымдар мен төлемдерді төлемей, шетелден әкелінген автокөліктерді тіркеу есебіне заңсыз қоюмен айналысатын арнайы ХҚО мен полиция қызметкерлеріне және азаматтық тұлғаларға қатысты үкім жариялады.

Олар ұйымдасқан топ құрып, басшылық жасау, мемлекетке мүліктік залал келтіру, «Web-Модуль» ҚКО» және «ХКО ИАЖ» ақпараттық жүйелерінде көлік құралдары туралы мәліметтерді заңсыз енгізу және жою, мәмілелердің жазбаша нысандарын қолдан жасау бойынша айыпты деп танылды.

2022 жылдың қаңтарынан мамырына дейін қылмыстық топ шетелден әкелінген 462 автокөлікті заңсыз тіркеген. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 1,2 млрд теңгені құрайды.

«Сот үкімімен 32 адам сотталды, оның ішінде қылмыстық топтың ұйымдастырушылары - Астана қаласының №2 Мамандандырылған ХҚО басшысы Ш. Бөкебаев пен Астана қаласының Арнайы ХҚО мамандары А. Там-Оглы мен Х. Там-Оглы 9 жыл бас бостандығынан айырылды, 5 топ қатысушысы 6 жыл бас бостандығынан айыру, ал жазаның әртүрлі мерзімдері бойынша 17 «көмекшіге» бас бостандығынан айыру және шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Сондай-ақ, 7 қызметкер 2 жыл 6 айдан бастап бас бостандығын шектеуден 3 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Олар арнайы атақтарынан және мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойы айырылды.

Сот процесі Астана қаласы Полиция департаментінің жеке құрамының, сондай-ақ Астана қаласы Арнайы ХҚО қызметкерлерінің қатысуымен өтті», – делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сонымен қатар, тергеу барысында арнайы ХҚО маманы көлік құралдары иелерінің қолтаңбаларын қолдан жасау фактілері автокөліктерді сатып алу-сату мәмілелерінің жазбаша нысандарында анықталды.

«ҚР ҚПК-нің 200-бабы тәртібінде енгізілген «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға ұсынымның нәтижесінде автомобильдерді тіркеу қағидаларына автокөлік иесінің ЭЦҚ-кілтін міндетті түрде пайдалана отырып, мәмілелердің электрондық нысанынан жазбаша нысанды алып тастау туралы өзгерістер енгізілді.

Мұндай өзгеріс автокөліктерді сатып алу-сату шартын жасасу кезінде авто иелерінің қолдарын қолдан жасау бөлігінде жемқорлық тәуекелдерін болдырмайды», – деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91