Қытайда жол опырылып, 40-қа жуық адам қаза болды

Гуандун провинциясының үкіметі шамамен 500 адамнан тұратын құтқару жасағын жіберді

Sarbaz.kz редакторы
02/05/2024 - 10:41

Фото: Xinhua News Agency/AP

Фото: Xinhua News Agency/AP

Қытайдың Гуандун провинциясында тас жол опырылып, салдарынан кем дегенде 36 адам қаза тапты. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі CNN агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

CCTV мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, Мэйчжоу қаласы мен Гуандун провинциясындағы Дабу уезін байланыстыратын жолдың бір бөлігі опырылып кеткен. Қазір құтқару жұмысы жалғасуда, шамамен 23 көлік табылды. Оқыс апаттан тағы 30 адам жарақат алды.

Гуандун провинциясының үкіметі шамамен 500 адамнан тұратын құтқару жасағын жіберді, деп хабарлады мемлекеттік телеарна. Жергілікті шенеуніктердің айтуынша, тас жолдың 184 шаршы метрден астамы қирап қалды.

Агенттік мәліметінше, әлеуметтік желіде тараған суреттерде сай түбінде үйілген көліктер көрінеді.

Соңғы апталарда Қытайдың оңтүстігінде толассыз жаңбыр жауды.

Аталмыш провинцияда 127 миллион адам тұрады. Табиғи апаттың салдарынан 110 000-нан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Гуандунда толассыз жаңбырдың соңы су тасқынына ұласып, кемінде төрт адам қаза тапты, оның ішінде бір құтқарушы бар. Кемінде 10 адам із-түзсіз жоғалып кетті.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85