Ел өңірлеріндегі су тасқыны жағдайы тұрақты бақылауда
Атырау облысы бақылауда. Жайық өзені су деңгейіне мониторинг жалғастырылуда. Су тасқыны жағдайының мониторингі дронның көмегімен жүзеге асырылады. Бұл туралы ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Спикердің айтуынша, бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен тәулікте 70 үйден судың бағыты бұрылып, су сорылды, 202 мың қапшық төселді.
«Шығыс Қазақстан облысында жауын-шашынның көп мөлшерде түсуіне байланысты Бұқтырма және Кіші Үлбі өзендерінде су деңгейі көтерілді. Алтай және Глубоковский аудандарына ТЖД, ТЖМ 68303 әскери бөлімі мен Апаттар медицинасы орталығының күштері мен құралдары жіберілді. Аэровизуальды шолу жүргізілуде», - деді Асқар Шәріп.
Осы сағатта республика бойынша 43 015 адам өз үйлеріне оралды. 6 338 адам эвакуациялау пункттерінде. Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында 7 710 тұрғын үй мен 2 844 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 14 мыңнан астам адам, 1 529 техника, 226 су сору құралы және 100 жүзу құралы, 6 әуе кемесі жұмылдырылды.