АҚШ: Ресей Украинамен соғыста тыйым салынған химиялық қаруды қолданды

Мұндай қаруды Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германия қолданған

Sarbaz.kz редакторы
02/05/2024 - 09:34

Фото: world.comments.ua

Фото: world.comments.ua

Ресей Украинамен соғыста хлоропикринді қолданды және сол арқылы химиялық қару туралы конвенцияны бұзды. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ мемлекеттік департаментінің Ресейге қарсы жаңа санкциялар туралы мәлімдемесінде Ресейдің Украинадағы соғыс қимылдары кезінде хлоропикринді қолдану арқылы өзі қол қойған Химиялық қару туралы халықаралық конвенцияны бұзғаны атап өтілді.

Хлоропикринді Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германия қолданған. Қазіргі уақытта ол негізінен тәртіпсіздікке қарсы күресте қолданылады. Алайда әскери қару ретінде тыйым салынған. Химиялық қаруға тыйым салу ұйымы оны тыйым салынған химиялық қару-жарақ тізіміне енгізген. Ресей қорғаныс министрлігінің ашық басылымдарында хлоропикрин тітіркендіргіш улы зат ретінде сипатталады.

Ресей АҚШ-тың мұндай айыптауына әлі ресми түрде жауап берген жоқ.

Осыған дейін Украина да, Ресей де бір-бірін тыйым салынған химиялық қару қолданды деп айыптаған.

«Мұндай химиялық заттарды қолдану жекелеген оқиға емес және ресейлік әскерилердің украиналық күштерді бекініс позицияларынан қуып, ұрыс даласында тактикалық ілгерілеуге қол жеткізу ниетінен туындауы мүмкін», - деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік департаменті.

Мемлекеттік департамент АҚШ Конгресіне Ресейдің Химиялық қару туралы конвенцияны бұзғаны туралы ресми қорытындысы туралы хабардар етеді.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91